Жұртшылықтың өтініштері орындалуда

Жұртшылықтың өтініштері орындалуда
Барлық деңгейдегі әкімдердің тұрғындармен есепті кездесуі Әйтеке би ауданы бойынша алдымен Үшқатты ауылдық округінде басталды.
Шекара жиегінде орналасқан ауылдың көптеген проблемалары болған еді. Әсіресе, жол қатынасы, ауылға көгілдір отын жеткізу, ұялы байланыс жайы жұртшылықты алаңдатқан болатын. Өткен жылы KCELL байланыс операторының АКТИВ жүйесі іске қосылып, тұрғындарды жан-жақпен еркін хабарласа алуда. Ауылдағы су құбыры реконструкцияланып, оның жұмыс жасауы жақсара түспек.
Үшқатты ауылдық округі әкімі Г. Алдабергенованың баяндамасында өткен жылы жасалған жұмыстар тілге тиек етіліп, алдағы міндеттер айқындалды.
Жұртшылықпен жүздесуде аудан әкімі Д. Ермағанбетов баяндама жасап, аудандағы атқарған шаруаларға тоқталды.
Аудан басшысы өткен жылы көрші Жамбыл ауылына келген көгілдір отыр биыл Үшқаттыға қарай тартылмақ. Ауыз суының сапасы артуы үшін су құбырын дұрыстау мақсатында аудандық бюджеттен қаржы бөлінгелі отыр. Сонымен қатар, ұялы байланыстың жылдамдығын арттыру үшін Жамбыл ауылында мұнара қондырылады. Бұл интернеттің 3G қалпында жылдам жұмыс жасауына ықпал етпек. Бұл үшқаттылықтар үшін де пайдалы екендігі анық.
Жиында сөз алған ауыл тұрғыны Т. Бекмағанбетов аудандағы игі істер туралы жылы лебізін білдіріп, жол қатынасының жақсарғанына, ұялы байланыстың келгеніне ризалық білдіріп, енді көгілдір отынды күтіп отырғандарын жеткізді.
Аудан басшысына жеке сауалмен қабылдауда болған Қ. Салов мал өсіру үшін грант жайын сұраса, А. Алдасүгіров жер мәселесін шешуге көмектесуін сұрады.
Кездесу қалыпты өтті.