https://www.instagram.com/reel/Db3NgQxCb7k/?igsh=Y2N4NTNja200cHVn
Ардақты ағайын!
Баршаңызды Абай күнімен құттықтаймын!
Бүгін ұлы ойшылдың туған күніне арналған тағылымды шараға қатысып, жас буынның Абайға деген ықыласын, кітапқа деген қызығушылығын көрдім. Жастардың ақын шығармаларын оқып, қара сөздеріне үңіліп, Абай әлемін танып-білуге деген құштарлығы қуантты. Бұл – жақсы нышан. Өйткені кітап оқитын, ойланатын, ізденетін ұрпақ – елдің ертеңін қалыптастыратын буын.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Абай мұрасын ұлттың рухани кемелденуіне бастайтын маңызды бағдар ретінде атап өтті. Шын мәнінде, Абайдың адамгершілік, білім, еңбек, әділет туралы ойлары уақыт өткен сайын жаңғырып, бүгінгі қоғамның талаптарымен үндесе түсуде.
Бүгінгі өзгерістер кезеңінде бұл құндылықтардың мәні тіпті арта түсті.
Биыл елімізде жаңа Конституцияның қабылданып, жаңа қоғамдық-саяси кезеңге қадам басуымыз – мемлекетіміздің дамуындағы маңызды белес. Бұл кезең әр азаматтан жауапкершілікті, заңға құрметті және ел болашағына бейжай қарамауды талап етеді. Осы тұрғыдан алғанда, Абайдың тағылымы бүгінгі күнмен табиғи сабақтасады.
Ақтөбе өңірінде Абай мұрасын дәріптеуге ерекше мән беріп келеміз. Бүгінде облысымызда ұлы ақынның есімімен аталатын 87 көше бар. Бұл – Абайға деген ел құрметінің нақты көрінісі.
Абай мұрасы – өткеннің ескерткіші емес, бүгінгі күннің де, келешектің де рухани бағдары.
Абай күні құтты болсын!