Сұлукөлге ауыз су келді. Жоспарда үш ауыл тұр

Сұлукөлге ауыз су келді. Жоспарда үш ауыл тұр

"Nur Otan"партиясының бақылауында тұрған Сұлукөл ауылындағы ауыз су құбыры үйлерге дейін жеткізіліп, соңғы пысықтау жұмыстары жүргізілуде. Бүгінгі таңда əрқайсысы 200 куб су жинақтаушы мұнарадан ауылға жіберілетін ауыз су залалсыздандырып, құбырлар бойы тазарудан өткізілуде.

Желісінің жалпы ұзындығы 17 шақырым қашықтықты құрайтын жəне барлық құрылыс жұмысы 278 млн.теңге су тұратын су құбырын он бір айда пайдалануға беру жоспарланғанымен Ерғали Егізбайұлы басқаратын"Алтын айдарлы" ЖШС-і оны бес ай мерзімде іске қосқалы отыр. Аз уақыттың ішінде барлық жұмыстарын жедел əрі сапалы орындап отырған серіктестік басшылығына ауыл тұрғындары дəн риза.

Осындай қуанышты сəтке куə болып отырған аталмыш ауылдағы 88 шаңырақта 564 адам тұрады. Ауылдық округ бойынша 7 шаруа қожалығы жəне 16 жеке кəсіпкер бар.

Ауылдағы жұмыссыздықтың азаюына ауыл іргесіндегі темір рудасын өндіретін ГРК "Бенкала" мен " "Qazaqstanminingcompany" секілді кен орындары көп ықпал етуде. Сонымен қатар, ауыз су құбыры қолданысқа қабылданып, толық іске қосылғаннан кейін 2-3 адам жұмыспен тұрақты қамтылмақ.

- Тұрғындардың тілегі орындалып жатқанына қуаныштымыз. Серіктестік құрылыс жұмысын тиянақты əрі жедел орындауда. Бүгін су құбырының бойын залалсыздандыру жұмысы жүріп жатыр. Ертеңнен бастап тұрғындар бұрынғыдай құдықтан су тасу бейнетінен құтылмақ

Тағы бір жағымды жаңалығымыз-ауылымызда Биллайн ұялы байланысы іске қосылып, 3G жылдамдығында жүзеге асырылмақ,-дейді Сұлукөл округінің əкімі Нұрдəулет Смағұлов.

Сонымен бірге сапарымыз түскен Ақтасты ауылындағы «Жұмыспен қамту жол картасы» бағдарламасы бойынша жүріп жатқан су құбырлары желілері нысанының құрылыс жұмыстары 2020 жылы маусым айында басталды. Мердігер компания – «Актам инжиниринг» ЖШС-і. Жоба құны – 477,0млн. тенге. Бүгінгі күні 406,3 млн. теңге қаражат игерілген

-2020 жылға құрылыс жұмыстарын толық аяқтау жоспарланып отыр. Су құбырының барлық ұзындығы 25,5 шақырымды құрайды.

Қазірде монтаждалынбақ барлық құрылғылар жеткізіліп болды. Күннің суықтығы жұмысқа кедергі келтіргенімен барлық құрылыс ісін жыл аяғына дейін аяқтауды ұйғарып отырмыз - дейді құрылыс прорабы Борис Алексеевич.

Аудандағы елді мекендерде таза ауыз сумен қамту жайы жүйелі қолға алынып келеді.

Аудандық Тұрғын үй коммуналдық- шаруашылығы бөлімінің басшысы Темірбек Рахметовтың айтуынша осы айдың аяғына дейін Толыбайдағы жəне желтоқсанның соңына қарай Ақкөлдегі су құбыры құрылысын аяқтау жоспарлануда.

Егер, құрылысшылар осы қарқыннан таймаса, жаңа жылда төрт ауыл таза əрі тұщы суды тұтынбақ.