«Антиколл-орталық» жобасы: интернет-алаяқтыққа қарсы тиімді қадам

«Антиколл-орталық» жобасы: интернет-алаяқтыққа қарсы тиімді қадам

      «Антиколл-орталық» жобасы: интернет-алаяқтыққа қарсы тиімді қадам

Азаматтарды интернет және телефон алаяқтарынан қорғау мақсатында Бас прокуратураның бастамасымен өткен жылдың сәуір айынан бастап «Антиколл-орталық» жобасы іске асырылуда. Жоба заманауи технологияларды пайдалану арқылы алаяқтық әрекеттердің алдын алуға және азаматтардың қаржылық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған.

Бүгінгі таңда жүйе арқылы 1,5 миллионнан астам алаяқтық қоңырау бұғатталды. Сонымен қатар, шетелде орналасқан 12 колл-орталықтың қызметі тұрақты бақылауға алынған. Жүйенің тағы бір маңызды мүмкіндігі – алаяқтардың қоңырауын қабылдаған азаматтарды анықтап, оларды дер кезінде ескерту.

Осы бағытта прокурорлар Антиколл-орталықтан алынған ақпарат негізінде азаматтармен жедел байланысқа шығып, алаяқтық тәуекелдері туралы алдын ала түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Нәтижесінде бүгінгі күнге дейін 114 заңсыз несие рәсімдеудің жолы кесіліп, азаматтардың 251 миллион теңге көлеміндегі қаражаты сақталып қалды.

Қазіргі уақытта жобаға еліміздің барлық байланыс операторларын қосу жұмыстары жалғасуда. Бұл алаяқтық телеком-трафикті толық қамтып, заңсыз қоңырауларға қарсы күрестің тиімділігін одан әрі арттыруға мүмкіндік береді.    Жобаны іске асыру өз нәтижесін беруде. Соңғы үш жылда алғаш рет интернет-алаяқтық қылмыстарының өсу қарқыны төмендеп, тіркелген қылмыстар саны 12 390-нан 11 065-ке дейін, яғни 11 пайызға азайды.

Алаяқтықтың алдын алу – тек құқық қорғау органдарының ғана емес, әрбір азаматтың да жауапкершілігі. Күдікті қоңыраулар мен хабарламаларға сақтықпен қарап, жеке деректерді бөгде адамдарға бермеу – қаржылық қауіпсіздіктің басты кепілі.

 

 

                                                                       Әйтеке би ауданының прокуратурасы