«Ұлттық қор – балаларға»: қазақстандықтар тұрғын үй жағдайын жақсартуға және білім алуға шамамен 62,71 млн АҚШ долларын жұмсады

«Ұлттық қор – балаларға»: қазақстандықтар тұрғын үй жағдайын жақсартуға және білім алуға шамамен 62,71 млн АҚШ долларын жұмсады

«Ұлттық қор – балаларға»: қазақстандықтар тұрғын үй жағдайын жақсартуға және білім алуға шамамен 62,71 млн АҚШ долларын жұмсады

2024 жылғы 1 ақпан мен 2026 жылғы 1 шілде аралығында жалпы сомасы шамамен 62,71 млн АҚШ долларын құрайтын 333 809 орындалған өтініш бойынша қаражат алушылардың банктік шоттарына аудару үшін уәкілетті операторларға жолданды.

Орындалған өтініштердің басым бөлігі тұрғын үй жағдайын жақсартуға бағытталған. Осы мақсатта 216 060 өтініш бойынша 41,01 млн АҚШ долларынан астам қаражат аударылды. Ал білім алу ақысын төлеуге қатысты 117 749 өтініш орындалып, оған 21,69 млн АҚШ доллары жұмсалды.

Еске сала кетейік, нысаналы жинақтардың (НЖ) алушысы өзіне тиесілі қаражатты толық немесе ішінара пайдалана алады. Пайдаланылмаған қаражат нысаналы жинақтау шотында (НЖШ) 10 жыл бойы сақталады. Осы мерзім ішінде игерілмеген қаражат кейін алушының ерікті зейнетақы жарналарын есепке алуға арналған жеке зейнетақы шотына аударылады.

18 жасқа толмаған баланың бағдарламаға қатысуы туралы мәліметті ата-анасы немесе өзге де заңды өкілдері баланың ЖСН-ін енгізу арқылы kids.enpf.kz сайтынан, eGov.kz порталындағы жеке кабинеттен, сондай-ақ eGov Mobile және екінші деңгейдегі банктердің мобильді қосымшалары арқылы тексере алады.

Егер 2025 жылғы есептеулер нәтижесінде баланың нысаналы талаптары көрсетілмесе, мобильді қосымшадағы құжаттар тізімін жаңарту қажет.

eGov Mobile қосымшасында:
«Цифрлық құжаттар» → «Отбасы» → «Құжаттар тізімін жаңарту» → «Ұлттық қордан есептелген қаражат».

Kaspi.kz және басқа да екінші деңгейдегі банктердің мобильді қосымшаларында:
«Мемлекеттік қызметтер» → «Барлық құжаттар» → «Құжаттар тізімін жаңарту» → «Ұлттық қордан есептелген қаражат».

Бағдарламаның шарттары, қаражатты пайдалану тәртібі, пайдалы нұсқаулықтар және жиі қойылатын сұрақтарға жауаптар kids.enpf.kz сайтында қолжетімді.

Сондай-ақ бағдарламаға қатысты бейнетүсіндірмелер мен пайдалы кеңестерді БЖЗҚ-ның ресми YouTube арнасынан көре аласыз.