
Интернет-алаяқтық: цифрлық дәуірдегі қауіп және одан қорғану жолдары
Қазіргі таңда интернет адам өмірінің ажырамас бөлігіне айналды. Біз күнделікті төлем жасап, сауда жасап, жұмыс істеп, тіпті жеке мәліметтерімізді де онлайн кеңістікте сақтаймыз. Алайда осы мүмкіндіктермен қатар жаңа қауіптер де пайда болды. Соның ең қауіптісі – интернет-алаяқтық. Бұл құбылыс жыл сайын кеңейіп, жаңа тәсілдермен жетіліп келеді. Сондықтан әрбір азамат цифрлық қауіпсіздік (киберқауіпсіздік) туралы терең түсінікке ие болуы тиіс.
Интернет-алаяқтық – бұл ақпараттық технологияларды пайдалану арқылы бөтеннің мүлкін немесе ақшасын алдап алу. Мұндай қылмыстардың ерекшелігі – қылмыскер мен жәбірленуші бір-бірін көрмейді, ал байланыс көбіне телефон, мессенджер немесе әлеуметтік желілер арқылы жүзеге асады. Осы себепті адамдар оңай сеніп қалып, өздері байқамай алаяқтардың құрбанына айналады.
Фишинг, вишинг, смишинг, фарминг, уэйлинг, спуфинг осының барлығы интернет-алаяқтарының қолданатын тәсілдері.
Соңғы уақытта ең жиі кездесетін алаяқтық түрлерінің бірі – жалған банк қызметкерлерінің қоңырауы. Алаяқтар өздерін банк қызметкері ретінде таныстырып, “сіздің шотыңызға күмәнді операция жасалды” немесе “біреу сіздің атыңыздан несие рәсімдеуге тырысуда” деп қорқытады және өзіне керекті мәліметтерді айтуға асықтырады. Адам қорыққаннан кейін олардың айтқанын орындап, карта нөмірін, CVV кодын немесе SMS арқылы келген құпия кодты айтып қояды. Нәтижесінде есепшоттағы ақша әп-сәтте жоқ болады.
Тағы бір кең таралған тәсіл – фишинг. Бұл – жалған сайттар арқылы мәлімет ұрлау әдісі. Алаяқтар танымал интернет-дүкендердің немесе банктердің көшірмесін жасап, пайдаланушыларды сол сайтқа кіргізеді. Сырттай қарағанда бәрі шынайы сияқты көрінеді. Алайда сіз логин, пароль немесе карта деректерін енгізген сәтте бұл ақпарат алаяқтардың қолына түседі.
Әлеуметтік желілердегі алаяқтық та ерекше қарқын алған. “Жеңіл табыс”, “инвестицияға ақша сал да, тез пайда көр”, “арзан бағамен iPhone сатамын”, “криптовалюта айырбастаймын”, “жүргізуші куәлігін алып беремін” деген жарнамалар көпшілікті қызықтырады. Әсіресе жастар мен интернетті белсенді пайдаланатын азаматтар осындай ұсыныстарға жиі алданады. Алаяқтар алдын ала төлем сұрап, кейін байланысқа шықпай қояды.
Сонымен қатар, мессенджерлерде таныстардың атынан ақша сұрау жағдайлары жиілеген. Алаяқтар адамның аккаунтын бұзып, оның достарына “шұғыл ақша керек, кейін қайтарамын” деп хабарлама жібереді. Көп жағдайда адамдар тексерместен ақша аударып жібереді.
Интернет-алаяқтықтың тағы бір қауіпті түрі – жалған инвестициялық платформалар. Олар адамдарға “аз уақыт ішінде үлкен табыс табуға болады” деп уәде береді. Бастапқыда аз мөлшерде пайда көрсетіп, сенімге кіреді. Кейін үлкен сомада ақша салуға көндіріп, ақырында барлық қаражатты иемденіп кетеді.
Осындай қауіптердің алдын алу үшін әрбір азамат қарапайым, бірақ маңызды ережелерді сақтауы қажет. Біріншіден, ешқашан өзіңіздің жеке және қаржылық мәліметтеріңізді бөгде адамдарға бермеңіз. Екіншіден, күмәнді сілтемелерге өтпеңіз және белгісіз сайттарға деректер енгізбеңіз. Үшіншіден, тек ресми қосымшалар мен сенімді платформаларды пайдаланыңыз. Төртіншіден, барлық маңызды аккаунттарға екі факторлы қорғаныс (двухфакторная аутентификация) орнатыңыз. Бұл сіздің қауіпсіздігіңізді бірнеше есе арттырады.
Егер сізге күмәнді қоңырау келсе, сабыр сақтап, әңгімені тоқтатыңыз. Банк қызметкерлері ешқашан телефон арқылы құпия кодтарды сұрамайды. Қажет болған жағдайда банктің ресми нөміріне өзіңіз хабарласыңыз. Ал егер сіз алаяқтардың құрбаны болсаңыз, дереу банкке хабар беріп, шотыңызды бұғаттаңыз және құқық қорғау органдарына арыз жазыңыз.
Қазіргі қоғамда цифрлық сауаттылық – аса маңызды дағды. Интернеттегі қауіптерді білу және олардан қорғана алу – әрбір азаматтың міндеті. Себебі алаяқтар күн сайын жаңа тәсіл ойлап табуда, ал оларға қарсы ең тиімді қару – бұл ақпарат пен сақтық.
Қорытындылай келе, интернет – үлкен мүмкіндік алаңы болғанымен, ол қауіпсіз орта емес. Әрбір жасалған қадамға мұқият қарап, кез келген ұсынысты тексеріп отыру қажет. “Сақтансаң – сақтайды” деген қағида бүгінгі күні бұрынғыдан да өзекті. Өз қаражатыңыз бен жеке мәліметтеріңізді қорғау – өзіңіздің қолыңызда.
Әйтеке би ауданының прокуратурасы