Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаровтың Рождество мерекесімен құттықтауы

Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаровтың Рождество мерекесімен құттықтауы

Құрметті ақтөбеліктер мен қала қонақтары!

Сіздерді христиан әлеміндегі ең басты мерекелердің бірі – Рождество Христово мерекесімен шын жүректен құттықтаймын!

Бұл жарқын әрі мағыналы мейрам екі мың жылдан астам уақыт бойы адамдардың өміріне рухани мән беріп, сенім мен үмітті, сүйіспеншілікті нығайтып келеді. Ол ата-ананы құрметтеу, отбасылық дәстүрлерді сақтау, туған жерге деген сыйластық секілді мәңгілік адамгершілік құндылықтарға жетелейді.

Қасиетті қазақ жерінде Рождество Христово Құрбан айт мерекесімен қатар конфессияаралық келісімнің, өзара құрмет пен мейірімділіктің символы болып табылады. Бұл мейрам әртүрлі ұлт пен дін өкілдерін біріктіріп, халқымызға тән терең рухани қасиеттер – жанашырлықты, мейірімділікті және жақыныңа қамқор болуды айшықтайды.

Мерекелік күндер – ізгі ниет пен игі істерге, көмекке мұқтаж жандарға шынайы қолдау көрсетуге, адамгершілік пен кең пейілділік танытуға арналған уақыт.

Рождествоның қуанышы әр шаңыраққа еніп, үйлеріңізді тыныштыққа, келісім мен жылылыққа бөлесін, отбасылық бірлікті нығайтып, қоғам игілігі жолындағы жаңа жетістіктерге шабыт берсін.

Баршаңызға зор денсаулық, бақ-береке, еңбекте табыс, отбасыларыңызға бейбітшілік пен амандық тілеймін.

Жыл бойы рухани қуат пен рақым сіздерге серік болып, өмір сынақтарынан абыроймен өтуге, Отанымыздың дамуына және отбасылық құндылықтардың нығаюына үлес қосуға күш берсін.