Құттықтау өңір басшысы Асхат Шахаровтың Facebook әлеуметтік желісіндегі парақшасында жарияланды.
Сіздерді кәсіби мерекелеріңізбен, Мемлекеттік қызметшілер күні мен Қазақстан полициясы күнімен құттықтаймын!
Қос мереке – ел игілігі үшін адал еңбек етіп жүрген әріптестерімізге деген құрмет пен алғыстың белгісі. Қоғамда тұрақтылық пен тәртіпті сақтау, мемлекеттік саясатты табысты жүзеге асыру – осы саладағы қызметкерлердің қажырлы еңбектерінің жемісі.
Ақтөбе облысында бүгінгі күні 3877 мемлекеттік қызметші халыққа қалтқысыз қызмет етіп келеді. Араларында «Болашақ» бағдарламасы және Мемлекеттік басқару академиясының түлектері бар. Бұл - жоғары жауапкершілік пен табандылықты талап ететін абыройлы міндет.
Биыл өңіріміз Өскемен қаласында өткен мемлекеттік қызметшілер арасындағы Республикалық Спартакиаданың чемпионы атанды. Бұл - екінші жыл қатарынан қол жеткізген жеңіс. Дүбірлі додаға қатысқандар өздерінің кәсібилігі мен ұйымшылдығын тағы бір мәрте дәлелдеді.
Ал, полиция қызметкерлері – қоғам тыныштығы мен азаматтар қауіпсіздігінің кепілі. Қандай жағдайда болмасын, олар елдің заңын, халықтың тыныштығын күзетіп келеді. Соңғы жылдары облысымызда ішкі істер органдарының материалдық-техникалық базасы біртіндеп нығайтылып, қызмет сапасын арттыру бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде.
Еліміздің игілігі үшін, қандай қиындықта да адал қызмет ету – мемлекеттік қызметшілер мен полиция қызметкерлерінің басты қағидасы. Сіздердің қайсарлықтарыңыз бен елге деген адалдықтарыңыз – қоғамның сенімі мен құрметіне лайық.
Баршаңызды шын жүректен мерекелеріңізбен құттықтай отырып, зор денсаулық, отбасы амандығы, кәсіби табыс пен биік абырой тілеймін!
Еліміздің дамуы жолында бірлесе еңбек етіп, жаңа белестерге жете берейік!