Қысқы кезеңде төтенше жағдайлардың алдын алуға бағытталған іс-шаралар кешені әкімдіктің биылғы тамыз айындағы қаулысымен бекітілген. Облыс аумағында қыс мезгілінде орын алатын төтенше жағдайларға ден қою үшін азаматтық қорғау құралымының күштері мен құралдарынан 1567 адам және 455 бірлік техника дайындыққа келтірілген. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында облыстық ТЖД-ның мамандары мәлімдеді.
Аталған деректерге сүйенсек, алдағы қысқа 311 қар тазалау, 56 инженерлік, 40 эвакуациялық, 45 жоғары өтімді техникаларының күштері мен құралдары дайындалған.
“Ақтөбе облысының аумағы бойынша автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы 6309 км құрайды. Қыс мезгілінде инертті материалдар қоймаларын және жылыту пунктерін қысқы күтіп ұстауды қамтамасыз ететін мердігерлік ұйымдардың базалары мен техникаларының жай-күйіне комиссиялық қарау жүргізіледі. Бұл туралы ақпарат қосымша берілетін болады. Республикалық және облыстық маңызы бар трассаларда қар құрсауында қалған азаматтарға көмек көрсету үшін 129 жылыту пункттері дайындалды. Оның ішінде Самара-Шымкент тас жолының бойында 46 жылыту пункті қарастырылған” - деді Ақтөбе облысы ТЖД Төтенше жағдайларды жою басқармасы бастығының міндетін уақытша атқарушы Аслан Арзымбетов.
Сонымен қатар, қысқы кезеңде жұмыс істеуге 3 трассалық медициналық-құтқару пункті жасақталған. Олар «Самара-Шымкент» тас жолының 365-шақырымында Қарабұтақ кентінде, «Ақтөбе-Астрахань» тас жолының 100-шақырымы, Қандыағаш қаласында және «Самара-Шымкент» тас жолының 1076-шақырымы Қалбай кентінде ұйымдастырылған. Төтенше жағдайлар департаменті мен Қызыл Жарты Ай қоғамының Ақтөбе филиалы арасында меморандум аясында зардап шеккендерге және ыстық тамақ пен шайға мұқтаждарға пакет бөліну көзделуде. Бұл азық-түлік өнімдері трассалық медициналық-құтқару пункттерінде, сондай-ақ қысқы кезеңдегі төтенше жағдайға бейім аудандарда орналастырылатын болады.