
Ақтөбе облысында Дүниежүзілік ЖИТС-пен күрес күні (1 желтоқсан) қарсаңында айлық ақпараттық-түсіндіру шаралары басталды. Науқан аясында өңірде профилактикалық және ағартушылық бағыттағы бірқатар іс-шаралар өткізіледі. Облыстық АИТВ-инфекциясының алдын алу орталығы мамандарының мәліметінше, Ақтөбеде АИТВ-инфекциясын емдеу тиімді жүргізіліп келеді. Облыста инфекция жұқтырғандарды еммен қамту және оның тиімділігі 93%-ды құрап, ЮНЭЙДС-тің жаһандық стратегиясына сәйкес келіп отыр. «Облыстың әрбір тұрғыны АИТВ-инфекциясы қарапайым алдын алу шараларын сақтау арқылы алдын алуға болатын созылмалы ауру екенін білуі керек. Қазіргі емдеу әдістері адам ағзасындағы вирустық жүктеме деңгейін бақылауға мүмкіндік беріп, оның басқа адамдарға берілуін тежей алады. Емнің нәтиже беруі уақытылы диагностика мен терапияға байланысты» - деп атап өтті облыстық АИТВ-инфекциясының алдын алу орталығының бөлім меңгерушісі Динара Уразалинова. 10 қарашада бастау алған Дүниежүзілік ЖИТС-ке қарсы күрес күніне арналған дәстүрлі науқан биыл "АИТВ-ға қарсы күрестегі қиындықтардан - тиімді өзгерістерге" ұранымен ұйымдастырылуда. Науқан аясында жастар мен жасөспірімдер арасында профилактикалық және ақпараттық-білім беру іс-шаралары: тренингтер, эсселер мен диктанттар конкурстары, медиа тұлғалармен кездесулер, флеш-мобтар, квиз, автошеру және т.б. өтеді. Қоғамдық орындарда және сауда-ойын-сауық орталықтарында АИТВ-ға анонимді тестілеу, АИТВ және жыныстық жолмен берілетін инфекциялар бойынша мамандардың кеңесімен акциялар өткізілетін болады.