15 қыркүйекте тұмауға қарсы вакцинациялау науқаны басталады
2025 жылдың 15 қыркүйегінде облыс аумағында тұмауға қарсы жаппай егу науқаны басталады. Жүз мыңнан аса ақтөбелікті тегін екпемен қамту жоспарлануда. Бірінші кезекте екпе медицина қызметкерлері, медициналық ұйымдарда диспансерлік есепте тұрған балалар, алты айдан асқан аурушаң балалар, балар мен сәбилер үйінің балалары, қарттар мен мүгедектерге жасалады. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Индира Аяғанова мәлімдеді. Спикердің айтуынша, екпе – тұмаудың алдын алудың ең тиімді әдісі.
«Жұқпалы аурулардың, соның ішінде тұмаудың алдын алудың ең тиімді және ғылыми дәлелденген әдісі вакцинация екенін еске саламыз. Биыл облыста барлығы 140 122 адамды тұмауға қарсы екпемен қамту жоспарлануда. Оның ішінде жергілікті бюджет қаражатынан жоспарланғандар саны - 109 500 тұрғын. Тұмауға қарсы вакцинацияны тегін және ақылы түрде облыстың барлық қалалық және аудандық емханаларынан алуға болады» - деді Индира Аяғанова.
Санитар-дәрігер тұмауға шалдыққан тұрғындарға өзін-өзі емдеумен айналыспауға кеңес береді. Қоғамдық орындарда маска қолданған жөн. Сонымен қатар, жеке бас гигиенасын сақтау мен таза ауада жиі серуендеу, күнделікті рационда «С» дәрумені бар өнімдерді жиі тұтыну жұқпалы аурулардың алдын алуға септігін тигізеді.