Аралтоғай ауылында соғыс ардагері Төлепбаев Құттықтың 102 жылдығына арналған шахмат турнирі өтті

Аралтоғай ауылында соғыс ардагері Төлепбаев Құттықтың  102 жылдығына арналған шахмат турнирі өтті

Аралтоғай ауылында Ұлы, Отан соғысындағы Жеңістің 81 жылдығына орай және соғыс ардагері Төлепбаев Құттықтың 102 жылдығына арналған шахматтан турнир ұйымдастырылды. Тағылымды шараны Аралтоғай ауылдық округі әкімшілігі, Ардагерлер кеңесі және Төлепбаевтар әулеті бірлесіп өткізді.
Төлепбаев Құттық 1924 жылы Ақтөбе облысы, Ырғыз ауданы, Мантай жерінде дүниеге келген. 1941 жылы небәрі 17 жасында Ұлы Отан соғысына аттанып, жаяу әскер қатарында қызмет етті. 1942 жылы ауыр жарақат алып, 6 ай госпитальда емделген. 1943 жылы артиллерия құрамында болған. 1947 жылы елге аман-есен оралып, Нұра жеріне қоныстанады.
Бейбіт өмірде еңбек жолын бастап, тракторист әрі плотник болып қызмет атқарды. 1954 жылы отбасын құрып, бес ұл мен екі қыз тәрбиелеп өсірді. 1974 жылы қазіргі Аралтоғай ауылына көшіп келіп, осы жерде де ел игілігі жолында аянбай еңбек етті. 2003 жылдың 1 мамырында 79 жасында дүниеден өтті. Бүгінде Құттық атаның ұрпақтары Аралтоғай ауылында еңбек етіп, ата жолын жалғастырып келеді.
Ардақты азаматты еске алуға арналған турнирге 10 ойыншы қатысып, тартысты дода өтті. Бірінші кезеңде іріктеу ойындары ұйымдастырылса, екінші кезеңде финалдық бәсекелер өтті. Шешуші кезеңде Аяпбергенов Хайролла атай, Каналин Сағдат, Сырымов Дархан және Жылқайдар Наурызбек жүлделі орындарға таласты.
Нәтижесінде:
🥇 І орын – Д. Сырымов
🥈 ІІ орын – Н. Жылқайдар
🥉 ІІІ орын – Х. Аяпбергенов
Сонымен қатар С. Каналин «Үздік ойыншы» номинациясымен марапатталды.
Турнир соңында барлық қатысушыларға алғыс хаттар мен сыйлықтар табысталып, жеңімпаздарға ақшалай сыйлықтар берілді. Сонымен қатар Төлепбаевтар әулеті Құттық атайдың рухына бағыштап ас берді.
Бұл тағылымды шара жас ұрпаққа ерлік пен елдік жолын насихаттап, ардагерлердің есімін ұлықтауға бағытталған маңызды іс-шара болды.