1 сәуір – Халықаралық құстарды қорғау күні

1 сәуір – Халықаралық құстарды қорғау күні

«Юрий Гагарин атындағы орта мектебі» КММ

Кәсіптік бағдар беру іс-шаралар жоспарына сәйкес, 1 сәуір – Халықаралық құстарды қорғау күніне орай мектептің кәсіптік бағдар беруші педагогы А.Әбділбаевтың ұйымдастыруымен кездесу өтті. Іс-шараға «Семей орманы» Тау-Дала филиалының Үлкен-Бөкен орманшылығының Ақсуат өңірі бойынша инспекторлары – Серік Ақмойнақов, Еркін Ботхолдин және Нұрдәулет Сабетаев қатысып, 9-10 сынып оқушыларымен кездесті.

Кездесу барысында инспекторлар өз мамандықтары туралы жан-жақты ақпарат беріп, орманшы қызметінің қызығы мен қиындығы, табиғатты қорғаудағы маңызы жөнінде түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Олар оқушыларды ағаш пен орманды аялауға, табиғатты сүюге, Қызыл кітапқа енген өсімдіктер мен ағаш түрлері, аң-құстар жайлы мағлұмат беруге шақырды.

Оқушылар өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, инспекторлардан толық әрі мазмұнды жауаптар алды. Мектептің кәсіптік бағдар беруші педагогы А.Әбділбаев та өз ой-пікірлерімен бөлісіп, оқушыларды табиғатқа жанашыр болуға үндеді.

Іс-шара соңында табиғат қорғау инспекторлары өздері дайындап әкелген түрлі құс ұяларын мектеп маңындағы саябаққа оқушылармен бірге орнатып, құрастыру жолдарын көрсетті. Сонымен қатар, оқушыларды болашақта табиғатты қорғау инспекторы болуға ынталандырды.