
Бүгін ауданымызда есімі елге танымал ардагер ұстаз Солтанғазықызы Бәдерикамал атындағы тарих пәні бойынша аудандық олимпиада өз мәресіне жетті.
Аталған білім додасына аудан мектептерінен 8–9 сыныптар аралығындағы 30-ға жуық тарихқа құштар, дарынды оқушылар қатысып, бақ сынасты.
Олимпиаданың негізгі мақсаты — өскелең ұрпақтың отандық және әлемдік тарихқа деген қызығушылығын арттыру, сондай-ақ ұлағатты ұстаздың салған сара жолын дәріптеу. Бұл олимпиада — саналы ғұмырын білім мен тәрбиеге арнаған, шәкірт жүрегіне тарихқа деген сүйіспеншілік ұялата білген ардақты ұстаз Солтанғазықызы Бәдерикамалдың жарқын еңбегіне көрсетілген құрмет.
Ұстаздың педагогикалық жолы — кейінгі ұрпаққа өнеге, ал есімі ел жадында мәңгі сақталады. Қазіргі таңда оның шәкірттері Республикамыздың түкпір-түкпірінде білімді азаматтар қатарында абыройлы қызмет атқарып келеді. Ардагер ұстаздың игілікті ісін бүгінгі күні оның ұрпақтары — балалары мен немере-шөберелері жалғастыруда.
Айтулы шараға арнайы шақырылған құрметті қонақтар мен әділқазылар алқасының мүшелері қатысты. Атап айтқанда:
– Әділ Мархаба — шетел филологиясы магистрі, Әлихан Бөкейхан университетінің тарих білім беру бағдарламасының докторанты;
– Рахметуллин Аман Қапанұлы — тарих ғылымдарының кандидаты, доцент, Әлихан Бөкейхан университетінің «Әлеуметтік-гуманитарлық ғылымдар» кафедрасының меңгерушісі;
– Мұқанова Нұргүл Күлжағазинқызы — «Шәкәрім атындағы №5 көпбейінді гимназиясының» директоры, педагог-шебер, Ы.Алтынсарин төсбелгісінің иегері, педагогика ғылымдарының магистрі;
– Рахимбаева Құралай Құжаханқызы — Ақсуат ауданы білім бөлімінің әдіскері;
– Еңсебаева Жұлдыз Шакоровна — Тана мырза атындағы орта мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі, «Алтын» медалінің иегері;
Сонымен қатар, аудандық білім бөлімінің басшысы Амангелді Қыдырмолдин құттықтау сөз сөйлеп, оқушыларға сәттілік тіледі.
Олимпиада екі кезеңнен тұрды:
І кезең — эссе жазу;
ІІ кезең — Қазақстан тарихы бойынша 25 сұрақтан тұратын тест тапсырмалары.
Білім сайысында әрбір қатысушының білім деңгейі сараланып, «жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар» шыққан жүлдегерлер анықталды.
Олимпиада жеңімпаздарына келесідей марапаттар табысталды:
– І орын — 50 000 теңге көлеміндегі сертификат;
– ІІ орын — 30 000 теңге көлеміндегі сертификат;
– ІІІ орын — 20 000 теңге көлеміндегі сертификат;
– Қалған қатысушыларға — 5 000 теңге көлеміндегі сертификаттар берілді.
Сонымен қатар, Ысқақ Қабеков атындағы орта мектепке 250 000 теңге көлемінде сертификат табысталып, музыкалық аппаратура сыйға берілді.
Осындай ауқымды шараның өтуіне қолдау көрсетіп, демеушілік жасаған Қожахановтар әулетіне зор алғысымызды білдіреміз.