АҚСУАТТА – АБЫРОЙЛЫ БАСТАМА

АҚСУАТТА – АБЫРОЙЛЫ БАСТАМА

АҚСУАТТА – АБЫРОЙЛЫ БАСТАМА

Ақсуат ауданының білім саласы үшін, әсіресе Қожагелді батыр атындағы орта мектептің ұжымы мен оқушылары үшін қуанышты әрі маңызды жаңалық орын алды. Бүгін Қожагелді батырдың ұрпақтары арнайы келіп, туған жерге деген перзенттік парыз бен азаматтық жауапкершіліктің жарқын үлгісін көрсетті.

Қазіргі таңда аталған мектепте 950-ге жуық оқушы білім алуда. Оқушылар санының көптігіне байланысты спорт залының жетіспеушілігі ұзақ жылдар бойы өзекті мәселе болып келген еді.

Осы орайда «Қожагелді» ЖШС-нің басшысы Жаментиков Тельман Қабыкенұлы бастаған ел жанашырлары — Бекбаев Марат Қожахметұлы, Бекбаев Болат Имамахметұлы, Бекбаев Жастілек Нұрахметұлы — биыл Қожагелді батыр атындағы мектепке заманауи талаптарға сай спорт кешенін жылу қазандығымен бірге салып беруді, сондай-ақ жаңа спорт алаңы мен хоккей кортын тарту етуді мәлімдеді.

Бұл ауқымды жобаны жүзеге асыруға Қожагелді батырдың барлық ұрпақтары атсалыспақ. Тоқабай–Қожагелді батыр әулеті тарапынан жиналған қаражатқа қосымша қаржы қажет болған жағдайда, құрылыстың толық аяқталуына Тельман Қабыкенұлы жеке жауапкершілік алып, жетіспеген қаражатты өз қаражатынан бөлетінін жеткізді.

Бұл игі бастама — өскелең ұрпақтың денсаулығын нығайтуға, бұқаралық спортты дамытуға және жастарды салауатты өмір салтына баулуға бағытталған маңызды әрі тағылымды қадам.

Туған жерінің болашағына жанашырлықпен қарап, ел игілігі жолында елеулі іс атқарып отырған азаматтарға алғысымыз шексіз. Қожагелді батырдың ұрпақтары мен Тельман Қабыкенұлына бастамаларыңызға береке, еңбектеріңізге табыс тілейміз!