Баспасөз релизі

Баспасөз релизі

        Ақмола облысы бойынша тексеру комиссиясы 2022 жылғы 25 қарашада "Салықтық әкімшілендірудің, жергілікті бюджетке және бюджеттік бағдарламаларға түсімдердің толықтығы мен уақтылығы, сондай-ақ Атбасар ауданына бөлінген бюджет қаражатын (активтерін) пайдаланудың мемлекеттік аудиті" аудиторлық іс-шарасының қорытындыларын шығару бойынша кезекті отырыс өткізді.

        Отырыс жұмысына Атбасар ауданының әкімі А.А. Қалжанов, мемлекеттік аудит объектілерінің басшылары, бухгалтерлері, тексеру комиссиясы жанындағы консультативтік-кеңесші кеңестің мүшелері қатысты.

        Жүргізілген аудитпен жалпы сомасы 840 661,7 мың теңгеге Қазақстан Республикасы заңнамасының нормаларын бұзу, оның ішінде 751 933,0 мың теңгеге қаржылық бұзушылықтар анықталды, оның 18 900,3 мың теңгесі өтелуге, 733 032,7 мың теңгесі қалпына келтіруге жатады. Бюджет қаражатын (активтерін) тиімсіз жоспарлау 13 559,1 мың теңге сомасына, бюджет қаражатын (активтерді) тиімсіз пайдалану 75 169,6 мың теңге сомасына, жоғалған пайда мен экономикалық шығындар фактілері 29 568,2 мың теңге сомасына және рәсімдік бұзушылықтар, жүйелік проблемалар мен кемшіліктер анықталды.

        Аудит барысында бюджет кірісіне 1 477,5 мың теңге өтелді, 250 053,0 мың теңге қалпына келтірілді. 1 лауазымды тұлға ҚР ӘҚБтК 234-1-бабы бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Құзыреті бойынша уәкілетті органдарға әкімшілік жауапкершілік туралы мәселені қарау үшін 18 материал жіберілді. Құқық қорғау органдарына процестік шешім қабылдау үшін 3 материал жіберілді.

        Аудиторлық іс-шараның қорытындысы бойынша аудит объектілеріне анықталған бұзушылықтарды жою туралы ұсынымдары бар нұсқамалар мен аудиторлық қорытынды жіберілді.