Әйелдер құқықтары мен балалар қауіпсіздігін қорғауды күшейту туралы заң мақұлданды

Әйелдер құқықтары мен балалар қауіпсіздігін қорғауды күшейту туралы заң мақұлданды

Бүгін Сенат Спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен Палата отырысы өтті. Онда сенаторлар «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» және «Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңдарды екі оқылымда қарап, мақұлдады.

Заңды әзірлеудегі басты мақсат – балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша мемлекеттік саясаттың құқықтық, экономикалық, әлеуметтік және ұйымдастырушылық негіздерін жетілдіру, әйелдер мен балаларға қатысты қылмыстардың алдын алу және жолын кесу.

Аталмыш заң аясында әйелдер мен балалардың заңды мүдделерін қамтамасыз ету және елімізде отбасы институтын нығайту үшін қосымша құқықтық тетіктер енгізіліп отыр. Сондай-ақ отбасылық зорлық-зомбылық үшін жауапкершілік күшейтілді.

Сонымен қатар осы заңдар шеңберінде өмірде қиын жағдайға тап болған отбасыларды қолдауға арналған ережелер де қарастырылған. Заң нормалары арқылы тиісті уәкілетті органдардың өкілеттіктері айқындалады. Отбасын қолдау орталықтары және «111» байланыс орталығы сияқты ұйымдардың құзыреттері де заңнамалық деңгейде белгіленеді.

 

ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі