Қазақстанда мерейтойлық X Азаматтық форумға дайындық жүріп жатыр

Қазақстанда мерейтойлық X Азаматтық форумға дайындық жүріп жатыр

ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Қазақстанның X Азаматтық форумына дайындық жүргізуде. Биыл форум Алматыда өтеді. Бұл туралы бүгін «Nur Otan» партиясы жанындағы азаматтық қоғамды дамыту және мемлекеттік басқару жөніндегі республикалық қоғамдық кеңестің отырысында ҚР Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Болат Тлепов хабарлады.

Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Nur Otan» фракциясының мүшесі Айдос Сарымның төрағалығымен «Nur Otan» партиясы жанындағы Азаматтық қоғамды дамыту және Мемлекеттік басқару жөніндегі республикалық қоғамдық кеңес отырысының күн тәртібінде «Nur Otan» партиясының 2025 жылға дейінгі сайлауалды бағдарламасының «жауапты азаматтық қоғам» бағыты бойынша Жол картасының тармақтарын іске асыру барысы қаралды.

Вице-министрдің айтуынша, республикада ҮЕҰ-мен өзара іс-қимылдың түрлі диалогтық форматтары жұмыс істейді.

«Азаматтық қоғам мен мемлекеттің диалогын дамытудың негізгі алаңдарының бірі 2003 жылдан бері тұрақты негізде өткізіліп келе жатқан Азаматтық форум платформасы болып табылады. Азаматтық форум алаңы өзара іс-қимылдың стратегиялық басымдықтарын әзірлеу үшін үкіметтік емес сектор, халықаралық ұйымдар, бизнес, сарапшылық қоғамдастық өкілдерін біріктіреді. Ағымдағы жылы біз мерейтойлық X Азаматтық форум өткізуді жоспарлап отырмыз, онда азаматтық қоғамды дамыту, оның Тәуелсіздіктің 30 жылы ішіндегі мемлекетпен өзара іс-қимылының нәтижелері ұсынылатын болады», - деді Болат Тілепов.

Оның айтуынша, ҮЕҰ-мен өзара іс-қимыл саласындағы консультативтік-кеңесші орган болып табылатын ҮЕҰ-мен өзара іс-қимыл жөніндегі үйлестіру кеңесі жұмыс істейді, онда ҮЕҰ саласындағы заңнаманы жетілдіру мәселелері қаралады, министрліктердің, облыс әкімдіктерінің стратегиялық құжаттарды, азаматтық форумдардың ұсынымдарын іске асыру туралы есептері тыңдалады. Кеңес қызмет еткен жылдары (2005 жылдан бастап) 500-ден астам ұсынымдар әзірленді.

Вице-министр ел дамуының өзекті мәселелерін шешу үшін азаматтық белсенділерді тарту, квазимемлекеттік секторда қоғамдық кеңестер құру және «Nur Otan» партиясының сайлауалды бағдарламасын іске асырудың Жол картасы шеңберінде саяси диалог мәдениетін дамыту бойынша атқарылған жұмыстар туралы егжей-тегжейлі айтып берді.