Орталық Азияның азаматтық қоғам форумында Қазақстан тәжірибесі таныстырылды

Орталық Азияның азаматтық қоғам форумында Қазақстан тәжірибесі таныстырылды

Ташкент қаласында «Орталық Азия елдерін тұрақты дамытудағы азаматтық қоғамның рөлі: деректер, болжамдар және бірлескен бастамалар» тақырыбында Орталық Азияның азаматтық қоғам форумы өтті.

Форумға Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан және Өзбекстанның азаматтық қоғам ұйымдарының, мемлекеттік органдарының, халықаралық ұйымдарының өкілдері мен сарапшылар қатысты.

Жиын барысында Орталық Азия елдерін тұрақты дамытудағы азаматтық қоғамның рөлі туралы өңірлік баяндама таныстырылды.

Таныстырылым барысында сарапшылар Қазақстанның азаматтық қоғам институттарын мемлекеттік қолдау тәжірибесіне жоғары баға берді. Атап айтқанда, елімізде 18 мыңға жуық белсенді үкіметтік емес ұйым жұмыс істейтіні, олардың 98 мыңға жуық адамды жұмыспен қамтып отырғаны айтылды. Сондай-ақ мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында бөлінетін қаржының 60 пайыздан астамы халыққа әлеуметтік маңызы бар қызметтер көрсетуге бағытталатыны аталып өтті.

Бүгінде еліміздегі 300 мыңнан астам азаматтың басын қосқан волонтерлік қозғалыс қоғамдық белсенділіктің жарқын көрінісі саналады.

Алдағы уақытта Қазақстанда үкіметтік емес ұйымдардың елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан үлесін бағалайтын арнайы индикатор енгізу, сондай-ақ 2030 жылға қарай осы көрсеткішті Экономикалық қызмет түрлерінің жалпы республикалық жіктеуішіне енгізу жоспарланып отыр.

Кездесу қорытындысы бойынша қатысушылар өңірлік ынтымақтастықты одан әрі дамытуға, озық тәжірибелермен алмасуға және бірлескен бастамаларды жүзеге асыруға мүдделі екенін жеткізді.

 

ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі