
2025 жылы Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі мен «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» КЕАҚ қолдауымен «Эра-KZ» республикалық қоғамдық бірлестігі әлеуметтік жоба жүргізді. Атап айтсақ, «Инклюзия саласындағы үкіметтік емес ұйымдарды қолдау және дамыту – инклюзивті қоғам қалыптастырудағы негізгі фактор және мүгедектігі бар адамдар үшін әлеуметтік қызметтерді мейлінше қолжетімді ету» бастамасы жүзеге асты.
Жоба инклюзия бағытында жұмыс істейтін ҮЕҰ-ның әлеуетін нығайтуға және мүгедектігі бар адамдар үшін әлеуметтік қызметтерді қолжетімді етуге бағытталады.
Жұмыс Алматы және Шымкент қалаларында, сондай-ақ Түркістан, Ақмола және Солтүстік Қазақстан облыстарында жасалды.
Жоба аясында мүгедектігі бар 100-ден астам адамның әлеуметтік бастамаларын қолдау үшін 1 млн теңгеден 18 шағын грант берілді. Гранттар инклюзивті спортты дамыту, баламалы коммуникацияны енгізу, жасанды интеллекті оқыту, қолөнер және тігін курстары, құқықтық кеңес беру, ым-ишара тіліне оқыту, отбасыларға психологиялық қолдау көрсету және басқа да салаларға бөлінді.
Сонымен қатар, бес өңірде инклюзия саласында жұмыс істейтін 72 үкіметтік емес ұйым оқытудан өтті. Бағдарламалар жобалық басқаруды үйренуге, ұйымдардың тұрақтылығын сақтауға және мүгедектігі бар адамдармен жұмыс істейтін мамандардың кәсіби біліктілігін жетілдіруге бағытталды.
ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі