
Астанада медиация институтын дамыту және түркі елдері арасындағы тәжірибе алмасу мәселелеріне арналған кездесу өтті. Іс-шараға ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Азаматтық қоғам істері комитетінің төрағасы Гүлбара Сұлтанова, Түркия Республикасының өкілі және Түркі әлемі медиаторлар одағының төрағасы Якуп Эрикел, «Халықаралық құқық қорғау орталығы» РҚБ төрағасы Жанділдә Жақыпов және Қырғыз Республикасының өкілі Авазбек Шамшиев қатысты.
Гүлбара Сұлтанова өз сөзінде Қазақстанда кәсіби және қоғамдық негізде медиаторлардың қызметін қамтамасыз ететін құқықтық база қалыптасқанын атап өтті. Министрлік жанынан медиаторлар ұйымдарымен өзара байланыс жөніндегі үйлестіру кеңесі жұмыс істейді. Бұл кеңес – жүйелі шешімдер қабылдауға бағытталған алаң.
Бүгінде елімізде 2 500-ден астам кәсіби медиаторды біріктіретін 25 медиаторлар ұйымы тіркелген. Сонымен қатар, азаматтарға тегін кеңес беретін шамамен 1 800 қоғамдық медиатор белсенді жұмыс істеуде.
Түркия мен Қырғызстан өкілдері өз елдеріндегі медиацияны дамытуға бойынша тәжірибе мен тәсілдерін бөлісті.
Айта кетейік, 15–16 қазан күндері XII Қазақстан азаматтық форумы аясында «Медиация және азаматтық қоғам: өзара байланыс жаңа көкжиектері» атты панельдік сессия өтті. Онда қатысушылар халықаралық тәжірибе, өзекті бастамалар және медиацияны азаматтық өзара әрекеттестіктің тиімді тетігі ретінде одан әрі дамыту перспективаларын талқылады.
ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі