Астанада волонтерлік қызметті ұйымдастырушыларға арналған «Бес кілт» атты интенсив өтті

Астанада волонтерлік қызметті ұйымдастырушыларға арналған «Бес кілт» атты интенсив өтті

2025 жылдың 11 қыркүйегінде Астана қаласында волонтерлік қызметті ұйымдастырушыларға арналған «Бес кілт» атты оқыту интенсиві өтті. Іс-шара 2025 жылға арналған Қазақстан мен Ресей арасындағы гуманитарлық ынтымақтастықты дамыту жөніндегі іс-шаралар жоспары аясында ұйымдастырылып, екі елдің волонтерлік ұйымдары өкілдерінің кәсіби тәжірибе алмасуына және серіктестік байланыстарын кеңейтуге арналған маңызды алаңға айналды.

Интенсивке Астана қаласындағы волонтерлік бірлестіктердің үйлестірушілері мен көшбасшылары, үкіметтік емес ұйымдар мен бастамашыл топтардың өкілдері қатысты. Қатысушылар қатарында «KMG-Volunteer», «Астана волонтерлері LIDER.KZ», «QANAT», «Астана жастары», «Жақсылық арифметикасы NS», «Сердце ангела», «Клуб Добряков Астаны» және басқа да бірлестіктердің белсенділері болды.

Оқыту бағдарламасын ресейлік «Мосволонтёр» ресурстық орталығының сарапшылары жүргізді. Қатысушыларға волонтерлік бағдарламаларды жүйелі дамытуға арналған «Бес кілт» әдістемесі таныстырылды. Бұл әдістеме волонтерлерді тарту, ынталандыру, даярлау, қолдау және марапаттау сияқты негізгі кезеңдерді қамтиды.

Интенсив барысында қатысушылар Қазақстандағы волонтерлік қозғалыстың ерекшеліктерін талқылап, тәжірибе алмасып, өз жобаларын ұсынды. Талқылау тәжірибелік сипатта өтіп, қалалық және өңірлік қауымдастықтардағы волонтерлікті дамытудың ортақ бағыттарын анықтауға мүмкіндік берді.

Интенсив Қазақстан мен Ресей арасындағы гуманитарлық әріптестікті нығайтудың кезекті қадамына айналып, волонтерлік саладағы кәсіби ынтымақтастықтың көкжиегін кеңейтті.

 

ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі