Биыл 12 қыркүйек күні Ақтауда «Заң және тәртіп – қоғам тұтастығының негізі: құқықтық сауаттылықты арттырудағы үкіметтік емес ұйымдардың рөлі» тақырыбында Маңғыстау облысының XII Азаматтық форумы өтті.
Форумға ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі, Қазақстанның Азаматтық альянсы, үкіметтік емес ұйымдар, құқық қорғау және сараптамалық қауымдастық өкілдері қатысты. Жиында азаматтардың құқықтарын қорғау және құқықтық мәдениетті арттыру механизмдері талқыланды.
Іс-шара аясында ҮЕҰ өкілдеріне арналған шеберлік сабақтары мен пікірталас алаңдары, әлеуметтік жобалар көрмесі ұйымдастырылды. Сондай-ақ ҮЕҰ, мемлекеттік орган өкілдері мен сарапшылар кеңесі қатысқан пленарлық отырыс өтті.
Талқылау барысында азаматтық қоғам мен мемлекеттің өзара байланысы, еңбек құқықтарын қорғау, құқықтық ағарту мен азаматтардың шешім қабылдау процестеріне қатысуын кеңейту мәселелеріне баса назар аударылды. Форум барысында құқықтық қорғау тетіктерін жетілдіру мен ҮЕҰ-ды қолдау құралдарын дамытуға қатысты нақты ұсыныстар айтылды.
Форум қорытындысы бойынша азаматтық қоғамды дамытуға және құқықтық бастамаларды ілгерілетуге елеулі үлес қосқан белсенді ҮЕҰ-лар марапатталды. Сондай-ақ қатысушылар халықтың құқықтық сауаттылығын арттыру мен азаматтық бастамаларды қолдауға бағытталған нақты ұсыныстар әзірледі.
Аталмыш форум мемлекет пен азаматтық сектор арасындағы сындарлы диалогты кеңейту жолындағы маңызды қадам болды. Сонымен қатар тұрақты қоғамдық дамудың іргетасы ретінде құқықтық мәдениетті нығайту қажеттілігін айқындады.
ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі