Ұлттық волонтерлік желі жүргізген әлеуметтік зерттеу 2025 жылы елімізде волонтерлік қозғалыстың жаңа серпін алғанын көрсетті.
Зерттеудің негізгі мақсаты – қоғамның волонтерлік қызметке деген көзқарасын бағалау, оның басым бағыттарын айқындау және азаматтық сектор мен мемлекеттік органдар арасындағы өзара байланыстың қаншалықты тиімді екенін анықтау. Сауалнамаға Қазақстанның барлық өңірінен 11 мыңнан астам адам қатысып, сонымен қатар волонтерлік ұйымдардың жұмысына кешенді талдау жасалды.
Зерттеу қорытындысы бойынша, Қазақстанда волонтерлік қызмет тұрақты түрде дамып келеді. Қазіргі кезде волонтерлер саны 300 мыңнан асып, іске асырылған жобалар бес есе артқан. Сауалнама нәтижесі халықтың 89 %-ы волонтерлік қызмет туралы білетінін және әрбір үшінші азаматтың волонтерлік бастамаларға белсенді түрде қатысатынын айқындады.
Сұранысқа ие бағыттар қатарында әлеуметтік қолдау, қоршаған ортаны қорғау және түрлі іс-шараларды ұйымдастыруға арналған волонтерлік қызметтер аталды. Сонымен қатар «Игі істер марафоны» мен «Жыл волонтері» халықаралық сыйлығы сияқты бастамалар салалық және корпоративтік волонтерліктің дамуына әсері еткені де талқыланды.
Жасалған зерттеу волонтерлік ұйымдардың әлеуметтік мәселелерді шешудегі рөлін анықтап, елдің тұрақты дамуына ықпал ете алатынын көрсетті.
ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі
ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің тапсырысы бойынша Қазақстан қоғамдық даму институты ҮЕҰ әлеуметтік жобаларының тиімділігін бағалауға арналған әлеуметтік зерттеу жүргізді.
Зерттеудің мақсаты – жоспарланған нәтижеге жетуге әсер ететін факторларды анықтау және мемлекеттік қаржыландыру механизмдерін жетілдіру бағыттарын ұсыну. Зерттеу барысында ҮЕҰ өкілдері, мақсатты топтар мен азаматтық қоғам саласындағы сарапшылармен 70 сұқбат және 20 фокус-топ жүргізілді.
Зерттеу нәтижелері бойынша ҮЕҰ әлеуметтік жобаларды жүзеге асыруда маңызды рөл атқаратыны және азаматтық секторды дамытуда ықпалы зор екені анықталды.
ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі
Астанада ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі жанындағы Қоғамдық кеңестердің үйлестіру орталығының отырысы өтті.
Жиын барысында Қазақстан Республикасының «Қоғамдық бақылау туралы» Заңын іске асыру мәселелері, сондай-ақ оның тетіктерін өңірлік деңгейде дамыту және қолдану тәсілдері талқыланды.
«Сұрақ–жауап» сессиясы аясында қоғамдық кеңестер қызметін жетілдіруге бағытталған ұсыныстар әзірленді. Отырыс қорытындысы бойынша қоғамдық бақылауды нығайтуға және азаматтардың мемлекеттік басқаруға қатысуын арттыруға бағытталған бірқатар ұсынымдар қабылданды.
ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі
Елордада уәкілетті орган жанындағы ҮЕҰ-мен өзара іс-қимыл жөніндегі үйлестіру кеңесінің қорытынды отырысы өтті.
Кеңес жұмысына ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі өкілдері, ҚР Парламентінің депутаттары, үкіметтік емес ұйымдардың басшылары, сондай-ақ орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың өкілдері қатысты.
Отырыста Үйлестіру кеңесінің жыл қорытындысы шығарылып, әлеуметтік жобалар мен 2026 жылға арналған іс-қимыл жоспары қаралды.
Кеңес қорытындысы бойынша әлеуметтік жобалардың іске асырылуына қоғамдық бақылау жүргізу, сондай-ақ азаматтардың қажеттіліктерін ескере отырып, олардың әлеуметтік бағытын күшейту жөнінде ұсынымдар әзірленді.
ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі
Ақтөбе қаласында ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің Қоғамдық кеңес отырысы өтті.
Іс-шараға ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің, Ақтөбе облысы әкімдігі мен мәслихатының өкілдері, өңірлік қоғамдық кеңес мүшелері қатысты.
Кездесу барысында Қоғамдық кеңестің 2025 жылғы жұмыс қорытындысы шығарылды. Қатысушылар азаматтардың құқықтары, бостандығы мен міндеттеріне қатысты нормативтік-құқықтық актілердің жобаларын қарастырды. Жыл ішінде Қоғамдық кеңес тарапынан осындай 147 жоба талқыланған.
Сонымен қатар күн тәртібіне Қазақстан Республикасында азаматтық қоғамды дамыту тұжырымдамасы мен креативті индустрияны дамыту тұжырымдамасын іске асыру мәселелері, жастарды жұмыспен қамту және отбасын қолдау орталықтарының қызметі жөніндегі тақырыптар енді.
ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі
Қазіргі кезде Қазақстанда азаматтық қоғам жүйелі түрде жетіліп, қоғамдық институттар нығайып келеді. Қазақстанның XII Азаматтық форумының пленарлық отырысында Мемлекет басшысының құттықтау хаты оқылды. Онда осы жұмысты жалғастырудың маңызы айтылды.
«Мемлекет азаматтық қоғамды дамытуға ерекше мән береді. Соңғы бес жылда әлеуметтік тапсырысқа бөлінетін қаражат шамамен екі есе артты. Бұл қаражат игі бастамаларды жүзеге асыруға, мұқтаж жандар мен жастарды қолдауға бағытталады. Ортақ мүдде үшін жасалатын тиімді серіктестік алдағы уақытта да жалғаса береді», – деді Президент.
Аталмыш бағыттар азаматтық сектордың дамуында айқын байқалады. Қазіргі кезде елде 23 мыңнан астам үкіметтік емес ұйым тіркелген, олардың 18 мыңнан астамы әлеуметтік маңызы бар бастамаларды белсенді түрде жүзеге асырып келеді.
2025 жылдың айтулы оқиғаларының бірі – азаматтық сектормен бірлесіп өткізген ауқымды диалог алаңдары. Ең негізгісі Қазақстанның XII Азаматтық форумы болды. Оған 1 000-нан астам ҮЕҰ өкілі қатысты. Бұл іс-шараға дейін 20 өңірлік форум және министрліктермен 14 салалық кездесулер ұйымдастырылды. Нәтижесінде 400 ұсыныс әзірленіп, іс-қимыл жоспарына енді.
Сонымен қатар, мемлекеттік және үкіметтік емес сектор арасындағы серіктестікті дамыту бойынша да бірқатар жұмыстар жүргізілді. Жыл ішінде Республикалық Қоғамдық кеңестер мәжілісі, Халықаралық ҮЕҰ конференциясы және Қайырымдылық форумы өткізілді.
2025 жылы 73 үкіметтік емес ұйым ҮЕҰ сыйлығының лауреаты атанса, 12 ұйымға «Таңдау» сыйлығы табысталды. Ал 33 қайырымдылық қоры мен бірлестігі қайырымдылық саласындағы марапатқа ие болды.
Сондай-ақ 1 000-ға жуық ҮЕҰ жобалық басқару форматында әлеуметтік бастамаларды іске асырды. Ел бойынша 2025 жылы жалпы 2 292 жоба жасалды. Оның ішінде 2 185 жоба мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында, 102 жоба гранттық қаржыландыру бойынша және 5 жоба стратегиялық серіктестік аясында іске асты. Үшінші секторды қолдау мақсатында 40-тан астам ресурс орталықтары қызмет етеді. Олар облыстық, қалалық, аудандық және ауылдық деңгейде жұмыс істейді.
Секторды дамытудың басты бағыты қоғамдық кеңестер институтын нығайту болды. Қазір елде 264 кеңес бар, онда шамамен 4 000 азамат қызмет етеді. Азаматтық қоғамның өкілдігі 86%-ға жетіп, қоғамның шешім қабылдау процестеріне белсене қатысатынын көрсетті. Қоғамдық кеңестердің әлеуетін арттыру мақсатында 3 000 жаңа өкілге арналған оқу семинарлары өткізілді. Бұл шара қоғамдық мониторингтерге қатысып, ашықтық пен тиімділіктің артуына ықпал етті.
Азаматтық қоғамдағы жүйелі өзгерістер нормативтік-құқықтық базаның жетілуіне тікелей байланысты. ҮЕҰ туралы заң жобасы қолға алынды, мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс механизмін жетілдіру және қайырымдылық саласындағы заңнаманы жақсарту бойынша ұсыныстар дайындалды.
ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі
Қазақстандағы волонтерлік қозғалыс шетелде де қарқынды дамып келеді. Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен БҰҰ Бас Ассамблеясы 2026 жылды тұрақты даму мақсатында Халықаралық волонтерлер жылы деп жариялады.
Осыған байланысты биыл Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі жанынан Ұлттық ұйымдастыру комитеті құрылып, халықаралық жұмысты үйлестіру үшін екі қазақстандық волонтер БҰҰ-ның өңірлік хатшылықтарына жіберілді. Еуропа мен Орталық Азия аймағы бойынша Халықаралық волонтерлер жылының (IVY 2026) өңірлік үйлестірушісі Қазақстанның жаһандық волонтерлік қозғалысқа қатысуы мен оның маңызы туралы айтып берді.
«Бұл жерде жүріп, көптеген мәселе бойынша Қазақстанның расымен көшбасшы ел екеніне көзім жетті. Мысалы, мен келген бағдарлама көп елде жоқ. БҰҰ еріктісі болып жұмыс істеу үшін азаматтарын мемлекет есебінен жіберетін елдер санаулы ғана. Сонымен қатар, Қазақстан 2026 жылды Халықаралық волонтерлер жылы деп жариялады. Демек, бүкіл әлем ел Президентінің бастамасымен волонтерлер жылын атап өтеді. Бұл біз тек жаһандық үрдістерге ілесіп қана қоймай, оны қалыптастырып отырғанымыздың тағы бір мәрте дәлелі», – деп атап өтті Зарина Мирабдуллаева.
Сонымен қатар, толық қаржыландыру бағдарламасы аясында 2025 жылы Кения, Түркия және Таиланд елдеріне 7 қазақстандық волонтер барып, өз жұмысын абыроймен атқаруда.
Мемлекет басшысының бастамасымен ТМД Үкімет басшылары кеңесінің шешімі бойынша жыл сайынғы Достастық елдері волонтерлерінің форумы ұйымдастырылатын болды. Алғашқы форум 2026 жылы Астана қаласында өтеді.
Қазақстанда волонтерліктің ұлттық инфрақұрылымы да жасақталуда. Ел бойынша Ұлттық фронт-кеңсе мен 20 өңірлік фронт-кеңсе жұмыс істейді, бірыңғай Call-орталық қызмет көрсетеді және Qazvolunteer.kz ұлттық онлайн-платформасы іске қосылған. 2025 жылы елдегі белсенді волонтерлер саны 300 мыңға жуықтады. Олардың қатарында 6 мың «күміс» волонтер және 810-нан астам волонтерлік ұйым бар.
Волонтерлердің еңбегін бағалау мақсатында Президенттің бастамасымен «Жыл волонтеры» сыйлығы тағайындалды және бұл марапат жыл сайын табысталып келеді. Осы уақытқа дейін Қазақстан, Әзербайжан, Қырғызстан, Түркия, Өзбекстан және Ресей елдерінен 297 азамат лауреат атанды.
«Игі істер марафоны» жобасы да қоғам тарапынан кең қолдау тапты. 2025 жылы қазақстандықтар 9 мыңнан астам игі іс атқарып, жобаға 40 мың адам қатысты.
Жылды қорытындылай келе, Қазақстан волонтерлік қозғалыстың негізін нығайтуды жалғастыра береді. 2025 жылы 56 волонтерлік жоба іске асырылып, жергілікті бастамаларды дамыту үшін 60 шағын грант бөлінді.
ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі
2025-2026 жылдары «Human Rights Lawyers» қоғамдық қоры «Азаматтар мен ұйымдардың құқықтарын, заңды мүдделерін қорғау» жобасын іске асыруда. Жоба ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының қолдауымен жүзеге асырылуда.
Жоба аясында халықтың құқықтық сауаттылығын арттыру және тегін заңгерлік көмекке қолжетімділікті арттыру бойынша жұмыстар жүргізілуде. Атап айтқанда, Қазақстанның 5 өңірінде – Алматы қаласында, Алматы, Жамбыл, Жетісу және Абай облыстарында тұрғындардың құқықтық сауаттылық деңгейін бағалау мақсатында сауалнама жүргізілді. Зерттеу қорытындысы бойынша көрсеткіш 4 пайызға артқаны тіркелді.
Сонымен қатар, барып кеңес беру жұмыстары ұйымдастырылды. Нәтижесінде 1 000-нан астам азамат жеке қолдауға ие болып, жоба мамандары құқықтық және әлеуметтік мәселелер бойынша 2 200-ден астам кеңес берді.
Білім беру бағытына да ерекше көңіл бөлінді. Жобаны іске асыру кезеңінде 3 000 тұрғын үшін семинарлар, тренингтер және дәрістер ұйымдастырылды.
ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі
ҮЕҰ заңнамасын жетілдіру – Мемлекет басшысының Ұлттық құрылтайдың IV отырысында берген тапсырмаларының бірі. Осыған байланысты Қазақстан Республикасының «Үкіметтік емес ұйымдар туралы» Заңын әзірлеу жөніндегі жұмыс тобының отырысы өтті.
Отырыста қатысушылар реттеу саясаты жөніндегі консультативтік құжат жобасымен танысты. Құжатта үкіметтік емес ұйымдардың алдында тұрған түйткілді мәселелер мен заңнамалық шаралар бойынша ұсыныстар жинақталған. Сарапшылар Мәдениет және ақпарат министрлігі әзірлеген құжат жобасын қолдап, жекелеген тармақтарын ішінара толықтыру жөнінде пікір білдірді.
Сондай-ақ жұмыс тобының мүшелері реттеушілік әсері бар заң жобалары бойынша сараптамалық талдауға ҮЕҰ басшыларының қатысу мәселесін пысықтауды ұсынды.
Отырыста барлық ҮЕҰ үшін тең мүмкіндіктерді қамтамасыз ету, ықтимал тәуекелдерді жан-жақты қамту, сондай-ақ «бір терезе» қағидаты арқылы цифрландыру процесін ұйымдастыру мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Жиын қорытындысы бойынша барлық ұсыныстар мен ескертулер жаңартылған редакцияны әзірлеу барысында қаралып, ескерілетін болады.
ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі
2025 жылы ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының қолдауымен «Қазақстанда төтенше жағдайлар саласындағы волонтерлікті дамыту» атты жоба жүзеге асырылды. Жоба тұрақты волонтерлерді дайындау және үйлестіру жүйесін құруға бағытталған және төтенше жағдайларға жедел әрекет ету мүмкіндігін арттыруды көздейді.
Жоба аясында 3 мыңнан астам іс-шара өткізілді. Тұрақты даму мақсаттары бойынша 7 мектептік волонтерлік клуб құрылып, 100 оқушы қатысты. Қауіп-қатерлердің алдын алу жұмысын күшейту үшін Алматы, Атырау, Қостанай облыстары мен Жетісу және Абай өңірлерінің педагогтары арнайы даярлықтан өтіп, мектептерде қауіпсіздік сабақтары, эвакуациялық жаттығулар және төтенше жағдайларды азайту бойынша сабақтар өткізе бастады.
Сонымен қатар, Төтенше жағдайлар департаменті мен Ұлттық фронт-офиспен бірлесе отырып, іс-қимылды үйлестіруді жақсартуға және азаматтарды төтенше жағдайлардың алдын алу шараларына тартуға бағытталған практикалық жаттығулар мен іс-шаралар ұйымдастырылды. Мобильді волонтерлік топтар құрылып, еріктілер базасы жаңартылып, жүйелендірілді. Жаңа деректерге сәйкес, 442 волонтер төтенше жағдайлардың салдарын жоюға дайын.
Аймақтық бастамаларды ынталандыру мақсатында 10 миллион теңге сомасына шағын гранттар конкурсы өткізілді. Нәтижесінде 10 жеңімпаз өңірлерде төтенше жағдайлар саласындағы волонтерлікті дамытуға бағытталған жобаларды жүзеге асырды.
ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі