ШҚО әкімі ШҚО мен ҚХР СҰАА арасындағы ынтымақтастықтың негізгі бағыттарын атап өтті

ШҚО әкімі ШҚО мен ҚХР СҰАА арасындағы ынтымақтастықтың негізгі бағыттарын атап өтті

ШҚО делегациясының Қытай Халық Республикасының Синьцзян-Ұйғыр автономиялық ауданына сапары аясында ШҚО әкімі Нұрымбет Сақтағанов СҰАА партия комитетінің хатшысы Ма Синжуймен және СҰАА Халық үкіметінің төрағасы Еркін Тұниязбен кездесті.

Кездесу барысында ШҚО әкімі екі өңір арасындағы ынтымақтастықтың негізгі бағыттарын атап өтті.

– Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2024 жылды Қытайдағы Қазақстан туризм жылы деп жариялауына орай, біз трансшекаралық «Қанас көлі (ҚХР) – Марқакөл көлі – Катонқарағай ауылы» туристік бағытын бірлесіп жүзеге асыруды ұсынамыз. Бұл бағыт екі өңірдің табиғи көрікті жерлерін – Қытайдағы ең танымал жеті туристік орынның бірі Қанас көлін және Қазақ Алтайының інжу-маржаны Марқакөл көлін біріктірмек, – деді Нұрымбет Сақтағанов.

Өңірдегі туристік аймақтарда электр қуатын тарту, заманауи жолдар салу, инфрақұрылымды толық жүргізу, қонақүйлер салу бойынша белсенді жұмыстар жүргізілуде.

Қытай азаматтарының өңірдің табиғаты мен этномәдени мұрасына деген қызығушылығын ескере отырып, бұл бағытқа көлік қатынауын қамтамасыз ету мақсатында Шығыс Қазақстан облысы Үрімжі – Өскемен бағытындағы тікелей халықаралық әуе рейсін, ал келесі жылдан бастап Қанас – Катонқарағай, Қанас – Зайсан бағыттарын ашу мәселесін қарастыруды ұсынады.

Облыс әкімі атап өткендей, туризмнен басқа да өзара тиімді ынтымақтастық орнатуға болатын көптеген салалар бар. Олар – өнеркәсіп, автомобиль және арнайы техника өндіру, ағаш өңдеу, су энергетикасы және ауыл шаруашылығы.

– Әуе қатынасын ашу мен шекаралық өткізу бекетін іске қосу бастамаларын жүзеге асыру біздің өңірлер арасындағы туризмді, облыс экономикасының басым бағыты ретінде, дамытуға қуатты серпін беріп, Қазақстан мен Қытай арасындағы достық пен әріптестіктің символына айналар еді, – деді ШҚО әкімі.

Оның айтуынша, қос тараптың бірлескен күш-жігері арқылы көршілес елдердің шекаралас өңірлерінің өркендеуіне бағытталған практикалық ынтымақтастықтың жаңа парағын ашуға болады.

Өз кезегінде Қытай тарапы өзара тиімді ынтымақтастыққа қызығушылық танытып, дайын екендіктерін білдірді.

– Біз сіздердің сапарларыңыз өзара түсіністікті нығайтып, ынтымақтастықты кеңейтеді деп сенеміз. Сіздердің ұсыныстарыңызды қолдаймыз және бұл бастамалар өңіріміздің дамуына оң әсерін тигізеді деп сенеміз. Екі тарап арасындағы алмасуды күшейтіп, қажет болған жағдайда Шығыс Қазақстанда экономикалық және сауда ынтымақтастығы жөніндегі жұмыс тобының отырысын өткізуді ұсынамыз, – деді СҰАА партия комитетінің хатшысы Ма Синжуй.

Сонымен қатар, оның айтуынша, білім беру, мәдениет және трансшекаралық туризм салаларында Шығыс Қазақстанмен ынтымақтастықты жалғастыру қажет.