ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі Вице-министрі Ростислав Коняшкин Шығыс Қазақстан облысының халқымен кездесті.
Бұл кездесу – өңірдің цифрлық даму жағдайын көзбен көру, жергілікті тұрғындардың ұсыныс-пікірлерін тыңдау және мемлекеттік қызметтер сапасын арттыру бағытында қолға алынған маңызды шаралардың бірі болды.
Кездесу барысында тұрғындармен тікелей байланыс орнатып, цифрландыру, инновациялық даму және мемлекеттік қызметтерді жетілдіру бағытындағы өзекті мәселелер жан-жақты талқыланды. Сонымен қатар, вице-министр азаматтардың ұсыныс-пікірлерін тыңдап, өңірдегі цифрлық инфрақұрылымды жетілдіруге қатысты нақты жоспарлармен бөлісті.
- Цифрлық даму – бұл тек технологиялық ілгерілеу емес, бұл азаматтардың күнделікті өмір сапасын жақсарту жолындағы нақты қадам. Мемлекеттік қызметтерді алу, әлеуметтік қолдау, білім беру мен денсаулық сақтау – барлығы цифрландыру арқылы ашық әрі қолжетімді болуда, – деді Ростислав Анатольевич.
Бүгінде Қазақстанда мемлекеттік қызметтердің 92 пайызы электронды түрде көрсетіледі. Тек 2024 жылдың өзінде республика бойынша 292 миллионнан астам қызмет ұсынылды, оның басым көпшілігі онлайн форматта рәсімделген.
Бұл үрдіс халыққа үлкен жеңілдік беріп, уақыт пен ресурсты үнемдеуге, сондай-ақ қызмет көрсету сапасын арттыруға мүмкіндік беруде.
Шығыс Қазақстан облысында «Қолжетімді интернет» жобасы аясында 204 ауылдық елді мекенге жоғары жылдамдықты интернет тартылуда. Бұл жұмыстар нәтижесінде жалпы саны 362 байланыс нүктесі орнатылмақ.
Сонымен қатар, тіпті байланыссыз немесе байланысы нашар «ақ дақ» аймақтарды жою мақсатында 22 антенна-мачталық құрылым салу жоспарланған. Бұл шалғай елді мекендердегі интернет сапасын айтарлықтай жақсартады.
Кездесу соңында Вице-министр азаматтардың сұрақтарына жауап беріп, олардың ұсыныс-пікірлерін мұқият тыңдады. Әр ұсыныс жүйелі түрде қаралатынын және жергілікті билікпен бірлесіп жүзеге асырылатынын атап өтті.
- Цифрлық Қазақстан – бұл болашақ ұрпаққа жасалған инвестиция. Біз оны бірлесе жүзеге асырамыз. Мемлекет барлық бастамаларды халықтың қажеттілігі мен қауіпсіздігін ескере отырып атқарады, – деді Ростислав Коняшкин.