
Өскеменде құтқарушылар көпқабатты үйлерде болатын оқыс оқиғалардың алдын алу шараларын ұйымдастырды. Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін заманауи технологиялар көмегіне жүгінуде.
Құтқарушылар "сөйлейтін" дрондарды ұшырып, тұрғындарға қауіпсіздік шараларын түсіндіреді, сондай-ақ кішкентай балалары бар пәтерлердің терезесіне орнатылуы тиіс қауіпсіздік құрылғылары мен құлыптарды көрсетеді.
Қауіпсіздік акциясы барысында құтқарушылар мұқтаж отбасылардың терезелеріне арнайы құрылғылар орнатты.
- Мұндай алдын алу шаралары қажет болды, өйткені облыста балалардың терезеден құлауының екі жағдайы тіркелді. Ыстық күндері тұрғындар пәтерді желдету үшін терезелерін ашып, қарбалас тірлікпен жүріп балалардың қауіпсіздігін естен шығарып жатады. Оқыс деген қас қағым сәтте орын алуы мүмкін. Біздің міндетіміз – тұрғындарға ескертіп, осындай оқиғалардың алдын алу, — деп атап өтті ШҚО ТЖД бастығының орынбасары Исхар Савазов.
ШҚО ТЖД ата-аналарға еске салады:
- жалғыз москит торы баланы ұстап қала алмайды
- бала терезе алдына шыға алмайтындай жиһазды алыс қойыңыз;
- терезелерге арнайы қорғаныс құрылғыларын орнатыңыз;
-балаларды қараусыз қалдырмаңыз және балконға жалғыз шығуына жол бермеңіз.