Елдің шығысы – жоғары технологиялар орталығына айналуда

Елдің шығысы – жоғары технологиялар орталығына айналуда

Шығыс Қазақстан облысында бүкіл Орталық Азия үшін бірегей жоба жүзеге асырылуда – атом электр станцияларына арналған жылу бөлгіш құрамалар өндірісі. Өскемен  қаласындағы «Ульба-ТВС» ЖШС зауыты француздық Framatome технологиясы негізінде салынған және жылына 200 тонна уран өңдеу қуатына жетті. Бұл — Тәуелсіз Қазақстан тарихындағы алғашқы осындай нысан.

Өңір ғылым мен өнеркәсіптің орталығына айналып келеді. Д. Серікбаев атындағы ШҚТУ өнеркәсіптік серіктестермен бірге ғылыми жобаларды коммерцияландыру бағытында ауқымды жұмыстар атқаруда. Жобаларды қаржыландыруды «Ғылым қоры» АҚ және Халықаралық қаржы институты – Дүниежүзілік банк қамтамасыз етеді.

ШҚТУ академик Н.Д. Батпенов атындағы Ұлттық травматология және ортопедия ғылыми орталығымен бірлесіп, травматология және ортопедия саласына арналған отандық импланттар мен құралдарды әзірлеуде. Мысалы, қазіргі таңда 6 түрлі имплант клиникалық сынақ кезеңінен өтуде.

Сондай-ақ, Қазақстан онкология және радиология институтымен бірлесіп, онкологиялық аурулар кезінде сүйек ақауларын алмастыруға арналған титан ұнтағынан жасалған жекелей импланттар әзірленуде.

Университет Майлы дақылдардың тәжірибелік шаруашылығымен және Қостанай зауытымен бірлесіп, майлы ауыл шаруашылығы дақылдарының тамыр жүйесіне сұйық тыңайтқыш енгізуге арналған себу кешенінің қазақстандық баламасын жасап жатыр. Бұл – ауыл шаруашылығы саласындағы импортты алмастыру мен технологиялық тәуелсіздікке жасалған алғашқы қадам.

Коммерцияландыру жобаларын іске асыру үшін еліміздің жетекші кәсіпорындарының қатысуымен консорциум құрылды: Өскемен өнеркәсіптік арматура зауыты, Қостанай агромеханикалық зауыты, Батпенов атындағы Ұлттық травматология және ортопедия ғылыми орталығы және Қарағанды медициналық университеті. Инжинирингтік қызметтер бойынша келісімшарттардың жалпы сомасы 50 миллион теңгеден асты.

Университетте «Қорғаныш және функционалды жабындар (PROFCOAT)» ғылыми орталығы ашылды. Бұл шара университет пен өңір үшін маңызды оқиғаға айналды, және материалтану мен беткі инженерия саласындағы инновациялық даму бағытын көрсетті. PROFCOAT ғылыми орталығы энергетика, машина жасау, медицина, АӨК және ғарыш саласында қолданылатын қорғаныш және функционалды жабындарды, қабаттарды әзірлеу және енгізу үшін құрылды.

ШҚО әкімі Нұрымбет Сақтағанов орталықтың зертханаларымен, материалдарды өңдеудің заманауи әдістері мен технологияларымен, сондай-ақ ынтымақтастық перспективаларымен танысты. «Қорғаныш және функционалды жабындар (PROFCOAT)»  орталығы – инженерлік инновациялар мен жаңа буын мамандарын даярлау алаңы болмақ.

ШҚТУ «Astana Motors Manufacturing Kazakhstan» ЖШС-мен меморандумға қол қойды. Келісім аясында автозауыттың болашақ қызметкерлеріне 3D-сканерлеу, 3D-модельдеу және конструкторлық құжаттама әзірлеу әдістері үйретіледі.

Экологиялық бағытты қолдау мақсатында «Композиттік материалдар институты» ЖШС-мен бірлесе отырып, өндірістік қалдықтарды құрылыс материалдарына қайта өңдеу жобасы іске асырылуда. Бұл жобаның арқасында қоршаған ортаның ластануын азайтып, ішкі нарыққа бәсекеге қабілетті өнімдер шығару мүмкіндігі артады.

Тау-кен металлургия кешені секторын цифрландыруға ерекше назар аударылып отыр. Өңірде «IndustrialAI» құзыреттілік орталығы аясында жасанды интеллект жүйелерін әзірлеу басталды. Бұл технологиялар металлургия кәсіпорындарының шығындарын азайтып, өнім сапасы мен үдеріс тиімділігін арттыруға көмектеседі.

Шығыс Қазақстан ғылым мен инновацияға негізделген өндіріс саласында тұрақты дамуды көрсетіп, елдегі өнеркәсіптік және ғылыми прогрестің көшбасшысы ретінде орнығуда.