Отан қорғаушылар күніне орай және Жеңістің 80 жылдық мерейтойы қарсаңында Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов Ұлан ауданы, Қасым Қайсенов кентінің тұрғыны, тыл ардагері Мұрат Қалиасқарұлы Ожановқа арнайы барып, мерекелік лебізін білдірді.
Мұрат Ожанов 1933 жылдың 12 желтоқсанында Зайсан ауданына қарасты Байгөбек ауылында көпбалалы отбасында дүниеге келген. Ғұмырын ұрпақ тәрбиесіне арнап, Дайыр ауылындағы «Муқарама» мектебінде география және биология пәндерінен 40 жыл бойы дәріс берген. 1970 жылы оның бастамасымен мектеп қабырғасында өлкетану мұражайы ашылып, оқушыларды туған жердің тарихы мен табиғатына баулитын үйірмелер құрылды.
Құрметті ұстаз, ардақты әке, аяулы ата және шөбере сүйіп отырған Мұрат Қалиасқарұлының отбасы бүгінде Қасым Қайсенов кентінде тұрып жатыр, үлкен шаңырақтың берекелі тірегі болып отыр. Білім саласындағы ұзақ жылғы еңбегі мемлекет тарапынан жоғары бағаланып, ол Қазақ КСР Білім министрлігінің Құрмет грамотасымен, Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің Алғыс хатымен марапатталған. Сонымен қатар, Ұлы Жеңістің 50, 60 және 70 жылдығына арналған мерейтойлық медальдардың иегері.
Облыс басшысы Мұрат Қалиасқарұлына «Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығы» мерейтойлық медалін табыстап, Шығыс Қазақстан өңірінің білім беру мен өлкетану саласына қосқан сүбелі үлесі үшін алғысын білдіріп, мықты денсаулық пен ұзақ ғұмыр тіледі.