2024 жыл мен 2025 жылдың бірінші тоқсаны аралығында Шығыс Қазақстан облысы бойынша Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің Департаменті 16 нарық субъектісін әкімшілік жауапкершілікке тартып, жалпы сомасы 7,7 миллион теңге көлемінде айыппұл салды. Оның ішінде монополиялық табыс ретінде 4,1 миллион теңге тәркіленді.
Бұл туралы ҚР Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің ШҚО бойынша Департаменті басшысының орынбасары Ренат Набиев Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында хабарлады.
Аталған кезеңде 8 тергеу жүргізіліп, нәтижесінде 4 әкімшілік іс қозғалды. Сонымен қатар, 13 ескерту және «жұмсақ құқық» саясаты аясында 2 ескерту берілді, олардың бірі - көмір бағасының өсуіне қатысты жарияланымдарға байланысты.
Департамент тауар нарықтарын белсенді зерттеп келеді: есепті кезеңде 26 бәсекелестік талдау жүргізілді. Негізгі назар сұйытылған газ, азық-түлік, интернет, мұнай өнімдері және білім беру қызметтері нарықтарына аударылды. Көптеген аудандарда бәсекелестік деңгейінің төмен екені анықталды. Бәсекелестікті дамыту мақсатында 16 ұсыныс жолданып, ірі жеткізушілермен 39 антимонополиялық келісім жасалды, оның бірі - медицина саласында.
Бизнестің қызметіне кедергілерді жою жұмыстары да назардан тыс қалмады. Департамент жанында бизнес өкілдері негізінен қатысатын арнайы кеңес жұмыс істейді. 2024 жылы және 2025 жылдың бірінші тоқсанында кеңестің 24 отырысы өтіп, нәтижесінде бір кедергі Республикалық кедергілер картасына енгізілді, үшеуі енгізуге ұсынылды, ал бесеуі жергілікті деңгейде жойылды.
Сонымен қатар, мемлекеттік кәсіпорындардың антимонополиялық органмен келісілмеген қызметі де анықталды. Бұл жағдайлар бойынша ӘКК, коммуналдық кәсіпорындар мен аудан әкімдіктеріне бұйрықтар берілді. Барлық бұйрықтар орындалды.
Есепті кезеңде Департаментке азаматтар мен ұйымдардан 100 өтініш келіп түсті - бұл өткен жылмен салыстырғанда 56%-ға аз. Өтініштерді қарау мерзімдерін бұзу фактілері тіркелген жоқ.