ШҚО-да 2024 жылы 117 мың гектар пайдаланылмай жатқан ауыл шаруашылығы жері мемлекет меншігіне қайтарылды. Бұл жұмыс 2025 жылы жалғасын тауып, бүгінгі күні 35,7 мың гектар жер қайтарылды. Бұл туралы ШҚО Жер қатынастары басқармасы басшысының орынбасары Даулет Сарманов Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында мәлімдеді.
Басқарманың мәліметінше, қайтарылған жердің 89% немесе 103,8 мың гектары – қала мен аудан әкімдіктерінің жұмысы нәтижесінде қайтарылған. Барлық жер телімдері ауыл шаруашылығы айналымына тартылып, бірінші кезекте жергілікті халықты мал жаю үшін жайылыммен қамтамасыз етуге басымдық берілуде.
2024 жылы жайылымға деген қажеттілік 69,9 мың гектарды құрап, толығымен қайтарылған жер есебінен жабылды. Осыған байланысты 2025 жылы жайылымға қосымша қажеттілік жоқ.
2024 жылы «Жайылымдар туралы» ҚР Заңына және жер заңнамасына өзгерістер енгізілді. Түзетулерге сәйкес, қоғамдық жайылымдар ұғымы енгізілді, олар қолда бар мал басына және жайылымдарды басқару жоспарына қарай айқындалады. Жайылым жүктемесі кемінде 50% болуы тиіс (бұрын 20% болатын). 50%-дан төмен жүктемелі жайылымдар пайдаланылмай жатқан деп танылып, алып қоюға жатады. Қоғамдық жайылымдарда малды жайып бағу құқық беру рәсімінсіз жүзеге асырылады.
Жайылымдарды жүйелі пайдалану мақсатында әкімдіктер бес жылдық Жайылымдарды басқару жоспарын әзірлеуде. Бұл шаралар жергілікті бюджет есебінен қаржыландырылады.
Сонымен қатар, өңірде жерлерді бөлу бойынша аукциондары мен конкурстары өткізілуде. 2024 жылы коммерциялық мақсатта 117 жер телімі, ауыл шаруашылығы өндірісі үшін 274 телім берілді. Жер телімдерін сату «Госреестр» порталы арқылы электронды түрде жүзеге асырылады, ал ауыл шаруашылығы жерлері конкурстық негізде, жер комиссияларының қатысуымен бөлінеді.
ШҚО геопорталы (www.vkomap.kz) белсенді дамуда. Онда жер телімдері, инженерлік инфрақұрылым, экологиялық аймақтар және кадастрлық құны туралы толық ақпарат бар. Геопортал «Қазгидромет», Бірегей мемлекеттік жылжымайтын мүлік кадастры және басқа да ақпараттық жүйелермен интеграцияланған.