Зайсан ауданында жас сарбаздар әскери ант берді

Зайсан ауданында жас сарбаздар әскери ант берді

ҚР ҰҚК Шекара қызметінің ШҚО бойынша департаментіне қарасты Зайсан ауданы бойынша шекара басқармасында жас сарбаздардың әскери ант қабылдау рәсімі өтті.

Бұл – әрбір сарбаз үшін ерекше мәнге ие, Отан алдындағы адалдық пен жауапкершіліктің нышаны болып саналатын маңызды сәт.
200-ден астам жас сарбаз ел шекарасын күзетуге, бейбіт өмірді қорғауға және мемлекеттің тұтастығын сақтауға салтанатты түрде ант беріп, азаматтық өмірдің жаңа белесіне қадам басты.

Салтанатты іс-шараға қатысқан мәртебелі қонақтар қатарында:
– Зайсан ауданы әкімінің орынбасары Рамазанов Ришат Сағибекұлы,
– Шекара басқармасының командирі, полковник Есім Саметұлы Ибраев,
– Аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы,
– Ішкі саясат бөлімінің басшысы Зумрад Дүйсенбаева,
– Төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы Оразғалиев Бауыржан Архатұлы,
– Зайсан мешітінің бас имамы Теңлік Ақмедияр,
– Сарбаздардың ата-аналары мен әскери қызметкерлер болды.


«Бұл — ер жігіттің елге берген серті. Сендер – Тәуелсіздіктің тірегі, халқымыздың сенімісіңдер! Отан алдындағы борыштарыңызды абыроймен атқарып, аман-есен оралыңдар!» – деп ақ тілегін жеткізді
аудан әкімінің орынбасары Ришат Сағибекұлы.

Полковник Есім Ибраев жас сарбаздарға әскери тәртіп пен рух биіктігін, борышқа адалдықты басты ұстаным етуге шақырды.
Ардагерлер кеңесінің төрағасы мен аудан имамы сарбаздарға ақ баталарын беріп, амандық пен ел тыныштығын тіледі.

Ата-аналар үшін бұл күн – қуаныш пен мақтанышқа толы, жүрек тебірентерлік сәтке айналды.

«Біз Отан алдындағы борышты адал өтеуге ант етеміз! Халқымыздың сенімін ақтаймыз!» – деп жас сарбаздар әскери қызметке дайын екендіктерін білдірді.

Бұл – ел мен жер алдындағы серт. Бұл – ерлік жолындағы алғашқы қадам.
Отан үшін берілген уәде – мәңгілік адалдықтың нышаны!