Экология министрі Шығыс Қазақстан облысына келді

Экология министрі Шығыс Қазақстан облысына келді

ҚР Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев жұмыс сапарымен Шығыс Қазақстан облысындағы орман шаруашылықтарында болды.

Салалық министр Асубұлақ, Жоғарғы Уба орман шаруашылықтарында болып, ағаш отырғызу жұмыстарымен танысты. Министр орман шаруашылығы қызметкерлерінің жалақысын, жабдықталу жағдайларын да бағдарлады.

Күн тәртібінде тұрған тағы бір маңызды сұрақ – орман өртінің алдын алу. Былтырғы жаз мезгілінің ылғалды болуына байланысты шөп қалың өсті. Биыл қураған шөп көлемінің мол болуы және синоптиктер жаз ыстық болатынын болжауы уайым туғызып отыр.

- Орман шаруашылығы мекемелеріне биыл қарастырылған, лизингпен   берілетін техниканың саны біршама. Биыл Шығыс Қазақстан облысына 47 автоцистерна, 43 трактор, 34 кіші орман өрті кешенін сатып алу жоспарлануда, - деді ҚР Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев.

Ерлан Нұралиұлы Риддер орман шаруашылығының қызметімен, құрамдық күшімен және жабдықталу жағдайымен де таныс болды. Кейін Риддер аграрлық-техникалық колледжінің студенттерімен бірге көшет отырғызды.

- Бүгін ағаш отырғыздық. Бұл да бір тарихи жағдай. Жалпы «Таза Қазақстан» деп ұран салып қарсы алған жастардың экологияға деген көзқарасы көп өзгергені байқалып отыр. Мемлекет басшысының бастамасы тек қана халықты біріктіріп қоймай, патриоттық сезімімізді оятты, - деді министр.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес республика көлемінде 2 млрд түп ағаш отырғызу міндеті тұр. Биыл ғана Шығыс Қазақстан облысында 15.7 миллион ағаш отырғызу жоспарланған.