ШҚО-ның барлық аймақтарында көктемгі абаттандыру және көгалдандыру маусымы қарқынды жүріп жатыр.
Тек 26 сәуірде өткен Жалпықазақстандық ағаш отырғызу күні аясында өңір елді мекендерінде 50 мыңнан астам көшет отырғызылды. Экологиялық бастамаға жастар, еріктілер, ұйым қызметкерлері және жергілікті қауымдастықтар қатысты.
Мәселен, Глубокое ауданына қарасты Белоусовка кентінде жас спортшылар орталық стадион аумағына 50-ден астам қайың ағашын отырғызды. Бұл шара тек табиғатқа қамқорлықты ғана емес, сонымен қатар салауатты өмір салтына ұмтылысты да білдіреді. Ұйымдастырушылардың айтуынша, балалардың мұндай шараларға қатысуы қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарауды үйретеді.
Ауқымды көшет отырғызу жұмыстары Тарбағатай ауданында да өтті: «Таза Қазақстан» акциясы аясында 3 мыңға жуық ағаш отырғызылды. Олардың қатарында қайың, терек, алма, шыбық, шие және шырша бар. Көше бойлары, қоғамдық кеңістіктер және аулалар көгалдандырылды. Жұмыстарға мекеме қызметкерлері, қоғамдық ұйым мүшелері және ауыл жастары қатысты.
Марқакөл ауданында жастардың көмегімен шамамен 1000 көшет отырғызды.
Сондай-ақ Риддер қаласында 5 мың ағаш отырғызылды. Бұл экологиялық науқан аясындағы ең ірі іс-шаралардың бірі.
Шығыс Қазақстан облысының басқа да аудандары, ауылдары мен қалалары ағаш отырғызуда белсенділік танытты.
Осы орайда айта кеткен жөн, сәуір айының басынан бері ұйымдастырылған сенбіліктерге 20 мыңнан астам адам атсалысқан. Бұлақтар мен жағалаулар тазартылып, мыңға жуық құс ұясы мен қоректендіргіштер орнатылды, мектептерде байқаулар мен эко-сабақтар өткізілді.
ШҚО-дағы экологиялық шаралар тұрғындардың тазалыққа, тәртіпке ынтасын және туған өлкеге деген махаббатын көрсетеді. Экологиялық акциялар облыстың барлық аудандарында сәуір айының соңына дейін жалғаспақ.