Риддер қаласындағы тыл ардагерлері құрметке бөленді

Риддер қаласындағы тыл ардагерлері құрметке бөленді

Риддер қаласында «Ардағым – ардагерім» атты патриоттық акция бастау алды

Акция аясында қаладағы барлық мемлекеттік мекемелер Ұлы Отан соғысы кезінде тылда бел жазбай еңбек еткен азаматтарды Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығымен құттықтап, алғыс білдірді.

Екінші дүниежүзілік соғыс жылдарында майдандағы сарбаздар соңғы демі қалғанша жан аямай күрессе, тылдағы еңбек те толастаған жоқ. Ауыл шаруашылығында еңбектенген ерлердің майданға тартылуына байланысты, олардың орнын елде қалған қариялар, әйелдер мен балалар басты. Осылайша сарбаздарды азық-түлікпен, шикізатпен елде қалған әйелдер, балалар мен қарт адамдар қамтамасыз еткені тарихтан белгілі. 

Акция қатысушылары қарияларға естелік сыйлықтар тарту етіп, жылы лебіздерін білдіріп, көңіл бөлді.  Бұл шара ұрпақтар сабақтастығы мен ел тарихына деген терең құрметтің айқын көрінісі.

- Ардагерлеріміздің батасы мен ақ тілегі – бұл жай ғана сөз емес. Ол жастарға рух беріп, олардың жарқын болашағына жол ашады, - дейді акция ұйымдастырушылары.

Мұндай бастамалар халық ерлігін еске салумен қатар, өткен мен бүгінді, болашақты жалғайтын рухани көпірге айналады.