Марқакөл ауданындағы Орта-Теректі су қоймасында су тасқыны кезеңінде мамандар кезекшілік етеді

Марқакөл ауданындағы Орта-Теректі су қоймасында су тасқыны кезеңінде мамандар кезекшілік етеді

Бүгін өңір басшысы Ермек Көшербаев жұмыс сапарымен Марқакөл ауданына келді. Биыл қар қалың жауғандықтан, топан суға қарсы іс-шараларға ерекше көңіл бөлінуде. Осы ретте облыс әкімі Орта-Теректі су қоймасының жағдайымен танысты. Өткен жылы оның техникалық жай-күйіне сараптама жасалып, жөндеу жұмыстарының қажет екені айтылған еді.

Тиісті жұмыстар ауа райының қолайлы кезеңінде басталды. Су ағызғыштың негізі бетондалып, су қоймасының түбіне тор төселді. Облыс әкімі жергілікті халықпен кездесіп, су қоймасының былтыр қалай жұмыс істегенін сұрады. Қазіргі уақытта тұрғындарға қауіп төніп тұрған жоқ. Негізгі құрылымдар штатты режимде жұмыс істеуде. Су тасқыны басталған кезде мамандар кезекшілікке шығатын болады.

Айта кету керек, биыл Орта-Теректі су қоймасының бөгетін жоспарлы түрде қайта жаңғыртудың жобалық-сметалық құжаттамасын әзірлеу жоспарлануда.