Оқу жылының аяқталуы қарсаңында ШҚО-да сыбайлас жемқорлықтың алдын-алу бойынша жиын өткізілді

Оқу жылының аяқталуы қарсаңында ШҚО-да сыбайлас жемқорлықтың алдын-алу бойынша жиын өткізілді

2024 жылғы 21 мамырда оқу жылының аяқталуы және бітіру кештері қарсаңында облыстың білім беру мекемелерінде сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мақсатында ШҚО сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі басшысының бірінші орынбасары Талғат Башевтың төрағалығымен білім басқармасы және білім бөлімдерінің өкілдерімен, мектеп, колледж және балабақша директорларымен кездесу өткізілді.

Мемлекеттің әлеуметтік саясатының негізгі басымдықтарының бірі ғылым мен білім сапасын дамыту және арттыру болып табылады. Алайда, білім беру саласы әлі де сыбайлас жемқорлыққа бейім салалардың бірі болып табылады.

«Шығыс Қазақстан облысы бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет соңғы 4 жылда білім беру саласында барлығы 68 сыбайлас жемқорлық қылмыс тіркеді. 33 адам сотталды. Қоғамдық өмірдің белгілі бір саласында сыбайлас жемқорлықтың болуы оның жүйелі дағдарысының белгісі болып табылады. Өкінішке орай, білім беру саласы да ерекшелік емес», - деп атап өтті облыстың сыбайлас жемқорлыққа қарсы ведомствосы басшысының бірінші орынбасары.

Сондай-ақ, Агенттіктің 1424 колл-орталығына ата-аналардан мектептердегі заңсыз ақша жинауға қатысты шағымдар келіп түседі. Көбінесе мұндай өтініштер оқу жылының соңында болады.

Осы орайда, мұғалімдер мен мектеп әкімшілігіне сыйлыққа ақша жинауға тыйым салынатындығын қатаң ескертеміз. Түлектер мектепке және мұғалімдерге дәстүрлі гүл шоқтарын сыйлау арқылы, мектеп ауласында ағаш отырғызу немесе концерттер ұйымдастыру арқылы алғыстарын білдіре алады.

«Қазақстанда орта білім беру тегін болып табылады және оқу орындарын жабдықтау мемлекет есебінен жүргізіледі, сондықтан ата-аналардан қосымша қаражат жинауға қатаң тыйым салынады. Егер мектеп басшылығы тарапынан осындай фактілер орын алса, ол үшін нақты жауапкершілік белгіленген. Яғни, білім беру ұйымдарының директорлары заңсыз материалдық сыйақы немесе пара алса, ол үшін әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік қарастырылған. Бірінші жағдайда – ҚР ӘҚБтК-нің 677 - бабы шеңберінде 600 АЕК айыппұл, екінші жағдайда-ҚР ҚК-нің 366-бабы шеңберінде мүлкі тәркіленіп, параның 20 еселенген сомасы мөлшерінде айыппұл төлеуден бастап 15 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға дейін жаза қарастырылған», - деп атап өтті Талғат Башев.

Осыған байланысты, егер сіз ата-аналардан немесе мектеп қызметкерлерінен ақша жинау фактілері, сондай-ақ басқа да сыбайлас жемқорлық көріністері туралы білсеңіз, 1424 Call-орталығына немесе департаменттің кезекші бөлімінің 29-88-88 телефонына хабарласуыңызды сұраймыз.

Іс-шара соңында облыстың білім беру мекемелерінің басшыларына ҚР сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саласындағы заңнамаларға енгізілген соңғы өзгерістер жеткізілді.