АҚШ Елшілігі делегациясы сапарының негізгі мақсаты - американдық бұрыштар бағдарламасының 20 жылдығы. «American Spaces» - АҚШ-та білім алғысы келетіндер үшін бүкіл әлем бойынша білім беру орталықтары. Мұнда ағылшын тілін үйрену бойынша дәрістер мен семинарлар өткізіледі, жаңа технологиялар мен цифрлық дағдыларды үйретеді.
Бүкіл Қазақстан бойынша 10 американдық бұрыш бар, оның бірі ең алғаш Өскеменде ашылған.
«Шығыс Қазақстан инвесторларды қызықтырады. Соңғы уақытта бізге шетелдік қонақтар көптеп келеді. Оларды тек біздің жер қойнауымыз бен металдарымыз ғана қызықтырмайды. Біз білім беру, денсаулық сақтау салаларындағы ынтымақтастықты кеңейтуге ниеттіміз», - деді Шығыс Қазақстан облысының әкімі Ермек Көшербаев.
Аймақ басшысының сөзінше, емдеу сапасының және технологиясының деңгейін және жетістіктерін ескеріп, АҚШ-тың медицинадағы жетістіктері барлық жерде сұранысқа ие болып отыр. Шығыс Қазақстанда да медицина айтарлықтай жоғары деңгейде әрі біздің облыстағы американдық дәрігерлердің тәжірибесі екі тарапқа да пайдалы болар еді. Оның үстіне, өңірлердегі мамандарға шетелдік сарапшылар тарапынан тиісінше көңіл бөліне бермейтіндіктен олар жұмыс істеуге ынталы.
«Медицина саласында біз қазірдің өзінде Астана университеттерімен ынтымақтасып келеміз. Орталық мекемелермен ынтымақтастық арқылы біз өңірлермен де байланыс орната аламыз», - деді АҚШ-тың Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті елшісінің орынбасары Джуди Куо.
Шығыс Қазақстан облысы мен АҚШ арасындағы сыртқы сауда айналымы ағымдағы жылдың 9 айында 83,6 млн АҚШ доллары немесе 2022 жылдың ұқсас кезеңіне қарағанда 174,2% құрады.
ШҚО-да Америка Құрама Штаттарының қатысуымен 6 кәсіпорын жұмыс істейді.
Тауарлар экспортының негізгі үлесі металдар мен олардан жасалған бұйымдарға, ал импортта машиналар, жабдықтар, көлік құралдары, аспаптар, металдар мен олардан жасалған бұйымдарға тиесілі.
Өскеменде АҚШ-тың Қазақстандағы Елшілігінің делегациясы А.С.Пушкин атындағы Шығыс Қазақстан облыстық кітапханасына, Қазақстан-Америка Еркін университетіне және басқа да нысандарға барады.