Шығыс Қазақстан облысының әкімі Ермек Көшербаев «Әділеттілік. парасаттылық. Сенім» атты форумға қатысты.
Дөңгелек үстел басында құқық қорғау органдарының басшылары, қоғамдық және діни қайраткерлері, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері бас қосты.
«Алдын алу және күрес мәселелерінде жариялылық өте маңызды. Қоғамда сыбайлас жемқорлық қылмыстарына ғана емес, сондай-ақ кез келген болмашы құқық бұзушылықтарға нөлдік төзімділік қалыптастыру. Осы мақсатта өңірде облыстың даму картасымен біріктірілген сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің картасы құрылды. Бұл бизнес пен инвесторлар үшін қолайлы жағдай жасауға мүмкіндік береді», - деп атап өтті облыс әкімі өз сөзінде.
Ермек Көшербаевтың айтуынша, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайту бойынша тиімді алдын алу жұмыстарын бірлесіп жүргізуге болатын үкіметтік емес ұйымдармен, еріктілермен, азаматтық сектормен ынтымақтастық өте маңызды.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің іс-әрекеті нәтижесінде соңғы жылдары бюджетке 2 миллиард АҚШ доллары қайтарылды.
Қазақстанда сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мақсатында соңғы жылдары тиісті заңнамалық реформалар жүргізілді.
Құқықтық актілердің жобаларына сыбайлас жемқорлыққа қарсы сараптама, басшылардың бағыныстыларының сыбайлас жемқорлығы үшін жауапкершілігі, азаматтарды көтермелеудің сараланған жүйесі, лауазымды тұлғаларға сыйлықтар беруге толық тыйым салу, жақын туыстарының бірлескен жұмысын шектеу белгіленді.
Құқық қорғау органдары қызметкерлерінің өздеріне қатысты сыбайлас жемқорлық үшін де жауапкершілікті қатаңдатты.
Форумға қатысушылар сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастырудың және сыбайлас жемқорлықтың алғышарттарын жоюдың маңыздылығын атап өтті. Ал ол үшін қоғамдық бақылауды жолға қою, құқықтық көмек көрсету және сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне жан-жақты зерттеу жүргізу қажет.
Форум қорытындысы бойынша бірқатар белсенділер Құрмет грамоталарымен және Алғыс хаттармен марапатталды.