Пантының ең жақсы сапасы алтай маралында екендігі жалпыға мәлім. Таралған аймағы: Қазақстан мен Ресейдің Алтай таулы аймақтары.
«Шығыс Қазақстан облысы республика маралдарының 95%-ын қамтып, 77% тауарлы бал өндіреді. Марал шаруашылығы мен бал ара шаруашылығы өнімдері Қытай, БАӘ, Сауд Арабиясы, Сингапурға экспортталады», - деді өңір басшысы Ермек Көшербаев Қазақстан мен Ресейдің XIX өңіраралық ынтымақтастық форумының пленарлық отырысында.
Облыс әкімінің айтуынша, бал ара шаруашылығы мен марал шаруашылығы саласында ауыл туризмін дамытудың ашылмаған әлеуеті бар, ол дұрыс тамақтану мәселесін шешуге бағытталған және халықтың өзін-өзі жұмыспен қамтуының қосымша түрінің пайда болуына ықпал етеді.
Аталған бағыттың ерекшелігін ескере отырып, Ермек Көшербаев жыл сайын қазақстандық және ресейлік марал өсірушілер мен омарташылардың тәжірибесімен алмасу бойынша бірлескен форумдар, семинарлар өткізуді ұсынды.
«Жалпы, Шығыс Қазақстан сындарлы диалог үшін ашық және ауыл шаруашылығы саласындағы өзара тиімді ынтымақтастыққа дайын және біздің қарым-қатынастар өте қарқынды дамиды деп ойлауға барлық негіз бар», - деп түйіндеді өз сөзін Ермек Көшербаев.