Өңір басшысы кітапхана мен мәдениет басқармасы басшылығының алдына бірқатар міндет қойды. Атап айтсақ, ең алдымен жұмысты автоматтандыру, кітап қорын цифрлық форматқа көшіру. Ол үшін облыстағы кітапханалардың бағдарламалық қамтамасыз ету жүйесін жаңартып, оны уақыт талабына сәйкес келтіру қажет.
– Кітапхананы креативті дамыту, жұмысты жаңғырту және біріздендіру, жалпы, бүкіл кітапхана жүйесін жетілдіру, кітап қорының электронды форматына қолжетімділікті арттыру өте маңызды. Кез келген оқырман тез қол қойып, қысқа мерзімде өзіне қажетті кітаптарды алып кетуі үшін жұмысты қайта жүйелеп, заманауи интерактивті сайт пен мобильді қосымшалар құру қажет, - деп атап өтті облыс әкімі.
Бүгінгі таңда Пушкин атындағы облыстық кітапхана оқырмандарға 17 түрлі цифрлық қызмет көрсетеді. Облыстық кітапхананың кітап қорында 239 мыңнан астам кітап бар, ал цифрлық форматқа аударылған құжаттар саны - 13479 дана. Сонымен қатар облыстық кітапханада көп үйірме жұмыс істейді. Мәселен, роботты техника үйірмесі, 3 D модельдеу, 6 тілде оқытатын тілдік үйірмелер, шахмат, тоғызқұмалақ, қолданбалы өнер, сурет, әдебиет, мектепке даярлық және тағы да басқа.