Су тасқынына қауіпті орындарды аралау

Су тасқынына қауіпті орындарды аралау

Өскемен қаласы әкімдігінің мамандары, мүдделі органдар қала ТЖ басқармасы қызметкерлерінің қатысуымен Су тасқынына қарсы шаралар жоспарының орындалуы аясында, су басу «қауіпті аймағында» орналасқан аудандарға бақылау жүргізді.
Өскеменде мүмкін су басу аймағына 900-ден астам тұрғын үй жатады, оған азаматтар жыл бойы тұратын саяжай қоғамдары да кіреді. Оның ішінде Согра ауданы, Красин, Ахмер  және Меновной кенті бар, барлығы 11 участок.
Бүгінгі күні жергілікті атқарушы органның мәліметі бойынша Ахмер ауылында  Сейфуллин көшесінде арық салынған, Омаров көшесінде арық тазаланып, тереңдетілген, осы іспеттес жұмыстар Шмелев Лог кентінде, «Металлург-3» бау-бақша қоғамының аумағында және 28 тұрғын үй ауданында жүргізілді. ЖМК, Аблакетка, Промбаза, Согра, Куленов, Жыланды, Защита, Нефтебаза, Прохладная шағынаудандарында, Ахмер ауылында, Шығыс, Прудхоз кенттерінде арықтарды, сондай-ақ Жуковский, Шешек, Бражинский жылғаларының арнасын тазалау жүргізілді.
Су тасқынына қарсы кезеңге барлығы 75 бірлік арнайы техника, 120 адамдық жеке құрам, 4 тіркемелі және 20 тасымалды мотопомпа дайындалды, жақын уақыттарда тағыда 10 тасымалды мотопомпа алу жоспарланған.
Инертті материалдарды, ЖЖМ және қаптарды даярлау жүргізілуде, қазір 5000 қап, 400 тонна құм, 70 тонна ЖЖМ дайындалған, келісімшартқа отыру жалғасуда.
«Жақын арада қала құтқарушылары, жыл сайын су басатын тұрғын үйлерге аралау жүргізуді ұйымдастырады. Үй иелеріне ақпараттық жаднама таратады. Мердігердік ұйымдардың көктемгі су тасқынына дайындықтарын тексеру басталады. Апта сайын қаладағы ықтимал су басу орындарын тексеру жалғасатын болады», - деп мәлімдеді Өскемен қаласы ТЖ басқармасының аға офицері Валентин Литвиненко.
Өскемен қаласының ТЖ басқармасы тұрғындарға алдын ала су тасқыны кезеңіне дайындалуды сұрайды. Үй маңындағы аумақты уақтылы қардан, арықтарды – қоқыстан және мұздан тазалау, су өткізу арналарын жасау қажет.

ШҚО ТЖД баспасөз-қызметі