«Ұлы даланың қаһарман тұлғасы» жаңа кітаптың тұсаукесері 18 мамыр күні сағат 11.00-де А.С. Пушкин атындағы облыстық кітапханада

«Ұлы даланың қаһарман тұлғасы» жаңа кітаптың тұсаукесері 18 мамыр күні сағат 11.00-де А.С. Пушкин атындағы облыстық кітапханада

«Ұлы даланың қаһарман тұлғасы» атты жинақтың тұсаукесері өтеді. Жинақ талантты қолбасшы, дарабоз батыр, халықтың қаһарман тұлғасы Қаракерей Қабанбай батырдың туғанына 330 жыл толуына орай ұйымдастырылған І-ші Республикалық ғылыми-практикалық конференциясының нәтижесінде (мақалалар жинағы) жарық көрген.

 «Ер Қаптағай» республикалық бірлестігінің төрағасы, философия ғылымдарының докторы Құсман Кәрімұлы Шалабаевтың ұйымдастыруымен және Мемлекет тарихы институтының жетекші ғылыми қызметкері, тарих ғылымының кандидаты, қауымдастырылған профессор Қанат Еңсеновтің жетекшілігімен 2021 жылы 3-12 шілде аралығында Қаракерей Қабанбай бабамыздың елді қорғап, шайқасқан жауынгерлік жорық жолдарын зерттеп, зерделеу үшін «Аягөз-Майлышат-Шорға» тарихи танымдық экспедициясы ұйымдастырылды.

Экспедицияға Өскемен қаласындағы Оралхан Бөкей атындағы 44 лицейдің тарих пәнінің мұғалімі, зерттеуші-педагог, жоғары санатты ұстаз, өлкетанушы Айтқожин Қайрат Батханұлы, Л.Гумилеев атындағы ЕҰУ-нің докторантурасының PhD түлегі, тарих магистрі, археолог Әділжанов Нұрлыхан, Тарбағатай ауданы, Абай орта мектебінің тарих пәнінің мұғалімі, шебер-педагог, тарих магистранты Қабидолдин Қуаныш, Аягөз қаласынан этнограф, тарихшы Шах-зада ақсақал, Аягөз аудандық мәслихаты депутаты, өлкетанушы, меценат Тоқтабаев Нұрланбек, жазушы журналист, тарихшы Бақытөмір Шалғынбай, Бозай орта мектебінің тарихшысы Әділбек Баймоллаев, тарихшы журналист Ертіс Нұрқасым және тағы басқа азаматтар қатысты.

Экспедиция өз жұмысын Аягөз қаласының жанындағы Мамыр су өзенінің жағасындағы Қасабай батыр кесенесінен бастап Зайсан көлінің жағалауындағы Шорға жерінде аяқтады. Жұмыс барысында қазақ тарихында белгілі рөл атқарған шайқастар мен тұлғалар, 80 күндік Шорға шайқасының тарихи маңыздылығы, «Мамыр су бітімі» және тағы басқа оқиғалар туралы тың деректермен жинақталды. Соның нәтижесінде I Республикалық ғылыми-практикалық конференция өткізіліп, осы материалдар негізінде аталмыш кітап жарық көрді.

«Ұлы Даланың қаһарман тұлғасы» жинағы дарабоз батыр Қаракерей Қабанбай бабамыздың өмірі мен ерлігі туралы болашақ ұрпақтың білімін кеңейтуге, жүріп өткен жолын саралап, ұлағатты сөздерін бағалауға бағытталған.

Құрметті оқырман қауым, кітап тұсаукесерінен құр қалмаңыздар! Батыр бабаларымыз туралы тың ақпараттармен танысқысы келетін барша жандарды кітапханада күтеміз!

Байланыс тел.: 26-13-33 (123)