Өскеменде жол-көлік инфрақұрылымын дамытудың бірінші кезеңі аяқталуда

Өскеменде жол-көлік инфрақұрылымын дамытудың бірінші кезеңі аяқталуда

Даниал Ахметов Шығыс Қазақстан облысының жол-көлік инфрақұрылымын дамыту мақсатында жүзеге асырылып жатқан жұмыстар жайлы айтты.

Өскеменде жол-көлік инфрақұрылымын дамытудың бірінші кезеңі аяқталуда. Бүгінгі таңда төрт жыл бұрын ойға алған жоспарлардың барлығы дерлік жүзеге асырылған.

«Қазір Алматы тасжолына шығатын І. Есенберлин көшесінің құрылысын аяқтап қалдық. Самар күрежолына бағыт алатын Қ. Сәтпаев көшесінің құрылысы да бітті. Понтон көпірінен Меновное ауылына дейінгі жолды жөндеу біршама созылып кетті, есесіне біз аталмыш елді мекеннің ішіндегі жүру бөлігін кеңейттік. Сондай-ақ, Республикалық маңызы бар Өскемен – Алматы автожолына шығатын жолдың құрылысын тәмәмдадық», деп жазды аймақ басшысы өзінің Instagram парақшасында.

Оның айтуынша, келесі кезең – Алматы және Семей бағытына шығатын жолдарды, сондай-ақ облыс орталығының бірнеше көшесіндегі көлік жүретін жол тағандары мен Астана көшесінің жалғасын кеңейту болмақ.

«Инвесторлар қалаға қызығушылық танытып, ауқымды жобаларды жүзеге асыру үшін өз қаражатын салуға құлшыныс білдіргені қуантады», деді Даниал Ахметов.

Сонымен қатар аймақ басшысы Семей қаласының жол-көлік инфрақұрылымындағы жөндеу жұмыстарына қатысты сұрақтарға да жауап берді.

«2022 жылы Семейдің көшелерін күрделі қайта жаңарту қарастырылған, қала ішіндегі жолдардың 50 шақырымы жөнделетін болады. Айналма жолдың құрылысына үлкен мән береміз», деп атап өтті облыс әкімі.