ШҚО-да заманауи технологиямен жабдықталған медициналық орталықтар көбейді

ШҚО-да заманауи технологиямен жабдықталған медициналық орталықтар көбейді

Шығыс Қазақстан обылысының денсаулық сақтау саласына 150 миллиард теңгеге жуық қаржы бөлінді. Бұл туралы аймақ басшысы Даниал Ахметов облыстық мәслихаттың VII сессиясында айтты

«Біз жүйелі түрде облыстың медицинасын тиімділігі жоғары салаға айналдыруды жоспарлап отырмыз. Биыл Семейде ядролық медицина және онкология орталығы іске қосылды, балаларды оңалту орталығын салуды бастадық және Өскеменде ана мен бала орталығы ашылды. Сондай-ақ, гематологиялық орталық салынып жатыр, онда мамандар қан ауруларын емдеп қана қоймай, ғылыми-зерттеу жұмыстарын да жүргізетін болады», - деді ШҚО әкімі.

Оның айтуынша, облыста диагностика жасау арқылы түрлі ауруларды ерте анықтау көрсеткіші едәуір өскен. Роботохирургия орталығы мен гибридтік операциялық орталық жұмыс істейді, бірегей операциялар мен органдарды ауыстыру оталары жасалып жатыр. Денсаулық сақтау саласын дамыту бағдарламасы жалғасады. Соңғы жылдары бұл салаға 159 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінген.

«216 су жаңа жедел жәрдем автокөлігі сатып алынды. Бұл республикадағы ең жоғары көрсеткіш. Бұдан бөлек, біз адами капиталды дамытуға бағытталған үлкен жұмыс атқарып жатырмыз. Бірегей медициналық жабдықтар мен әлемдік деңгейдегі заманауи медициналық техникалар сатып алдық. Бірақ, сол техникаларды пайдаланатын медицина қызметкерлерінің білімін жетілдірмесек, олардан ешқандай пайда болмайтыны түсінікті. Сондықтан, біз арнайы бағдарлама қабылдадық. Сол арқылы бес жарым мың маман Ұлыбританияның, Польшаның және Ресейдің клиникаларында оқу курстарынан өтіп, біліктіліктерін арттырды. Биыл пандемияның қиындықтарына қарамастан 82 маман Израильге, Польшаға және басқа да еуропа елдеріне барып, білімдерін жетілдіреді», - деді Даниал Ахметов.