Өскемен мен Семейде демалыс күндері қоғамдық көлік жүрмейді

Өскемен мен Семейде демалыс күндері қоғамдық көлік жүрмейді

ШҚО әкімі Даниал Ахметовтің айтуынша, бұл короновирус инфекциясының кең таралып кетпеуін және облысты «қызыл» аймақтан шығару үшін амалсыздан жасалып отырған шара.

Аймақ басшысы Даниал Ахметов облыстық мәслихаттың 7-сессиясында коронавирусқа қатысты жағдайды тұрақты бақылап отырғанымызбен, әлі де күрделі деді. Облыс қазір «қызыл» аймақта тұр. Короновирус инфекциясын жұқтырғандардың 41%-ы Семейде, 34%-ы Өскеменде тіркелген. Риддер, Глубокое және Ұлан аудандарында ковидпен ауырғандардың саны өсіп барады.

Осыған байланысты санитарлық-эпидемиологиялық талаптардың сақталуын бақылауды күшейту үшін демалыс күндері қоғамдық көлік қозғалысын шектеу туралы шешім қабылданды.

«Барлық тамақтану орындарының жұмысы қатаң бақылауда болады. Бизнеске жасалған жеңілдік шектеулер мен санитарлық-эпидемиологиялық нормаларды сақтамау дегенді білдірмейді. Сондықтан, кәсіпкерлер де өз нысандарын қадағалаулары керек», - деп атап өтті Д.Ахметов.

Сондай-ақ, ол вакцина егу қарқыны бойынша облыс жақсы нәтиже көрсетіп отырғанын айтты. Вакцинаның екі компонентін де 325 мыңнан астам адам алған. Айта кету керек, ШҚО-да күніне 13 мың адамға вакцина салынады.

«Облыста 39 инфекциялық стационар жұмыс істейді, сондай-ақ біз тағы 8 100 төсек-орынды әзірлеуге дайынбыз. Республика бойынша әзірге жұмыс жүктемесі ең төмен біздің емханалар, бірақ босаңсуға болмайды», - деді облыс әкімі.