Биыл ШҚО-да қатты тұрмыстық қалдықтарды бөлек жинау және сұрыптау жобасы іске қосылады – Даниал Ахметов

Биыл ШҚО-да қатты тұрмыстық қалдықтарды бөлек жинау және сұрыптау жобасы іске қосылады – Даниал Ахметов

Алдағы 5 жылда өңірдің орман алқаптарын ұлғайту және 76 млн көшет отырғызу жоспарлануда

Бұл туралы экологияны жақсарту мәселелері қаралған Үкімет отырысында Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов хабарлады.

Аймақ басшысының айтуынша, ШҚО-да елді мекендерді көгалдандыру және орманды қалпына келтіру көлемін арттыру бойынша жүйелі жұмыстар жүргізіліп келеді. Соңғы екі жылда 200 мың ағаш отырғызылды. Алдағы 5 жылда облыс аумағында 76 млн көшет отырғызу және сол арқылы орман алаңын 15 мың гектарға ұлғайту жоспарланған.

Экологияны жақсарту жөніндегі іс-шаралар кешеніне тұрмыстық қатты қалдықтарды кәдеге жарату саласындағы басқару жүйелерін жаңғырту міндеттері де кіреді.

Атап айтқанда, Еуропалық қайта құру және даму банкімен ынтымақтастық аясында Өскемен мен Семей қалаларында полигон салу жөніндегі келісімдерге қол қойылды (жобаның жалпы құны 23,5 млрд теңге). Жобада полигон қалдықтарын механикалық және биологиялық өңдеу кешендерін салу қарастырылған.

Сондай-ақ, осы қалаларда биыл қазан айында қатты тұрмыстық қалдықтарды бөлек жинау және сұрыптау жобасын іске қосу жоспарланды. Бүгінгі күні сары еуроконтейнерлерді, қоңырау үлгісіндегі көк контейнерлерді және органикалық қалдықтарға арналған контейнерлерді орнату жұмыстары жүріп жатыр. Өнімділігі жылына 100 мың тонна болатын екі сұрыптау желісі жеткізілетін болады.

Сонымен қатар, Даниал Ахметов ШҚО-да 2006 жылдан бері экологиялық проблемаларды тез арада шешу және радиоактивті дақтардың санын азайту үшін анықталған радиоактивті ластау ошақтарын жою кезең-кезеңімен жүргізіліп жатқанын хабарлады. Қазіргі уақытта 8 ошақ жойылды, мың текше метрден астам радиоактивті жыныстар көмілді. Қалдықтарды Курчатов қаласындағы Ұлттық ядролық орталық қабылдайды.

Естеріңізге сала кетейік, Үкімет отырысында Шығыс Қазақстан облысының әкімі соңғы 7 жылда экологиялық проблемаларды шешу бойынша кешенді шараларды іске асыру нәтижесінде өңірдегі барлық ластану көздерінің шығарындылар көлемі 8%-ға қысқарғанын хабарлады. ШҚО экологиялық проблемаларын кешенді шешудің қолданыстағы жол картасы 2024 жылға дейін есептелген.