Риддерде жергілікті ауқымдағы ТЖ режимі енгізіледі

Риддерде жергілікті ауқымдағы ТЖ режимі енгізіледі

10 мамырда Шығыс Қазақстан облысы Риддер қаласының маңындағы ормандағы ірі өрт желдің салдарынан күшейіп, нәтижесінде 283 га орман алаңын және елді мекеннің 15 га әкімшілік аумағына зиян келтірді. Қала әкімінің қаулысымен жергілікті ауқымдағы төтенше жағдай жарияланды.

"Сағат 07.00-де елді мекен ішіндегі өрт сөндірілді. Орман өрті периметрінің жиегінде ашық жану жоқ, қазіргі уақытта өрт аумағы ішіндегі жекелеген учаскелерді толық сөндіру жұмысы жүзеге асырылуда.
11 мамыр күні сағат 07: 30-да барлау жүргізу және өрт алаңын нақтылау үшін Қазәуеорманкүзеті тікұшағымен ұшу жүргізілді. Оның нәтижелері бойынша өрттің жалпы ауданы 298 га нақтыланды, оның ішінде 283 га 13,14,15,16,17,18 (өрт қауіптілігінің 4 сыныбы) орамдарындағы орман алаңы және 15 га Риддер қаласының әкімшілік аумағы. Қазіргі уақытта қолданыстағы ошақтар жоқ, орман өртінің жиегін қарауылдауға орман шаруашылығының 138 қызметкері жұмылдырылды, сондай-ақ 5 бірлік техника бар", - деп хабарлады брифинг барысында ШҚО ТЖ департаменті бастығының орынбасары, азаматтық қорғау полковнигі Қанат Әбділов.

Өрт 5 көшені шармады, 39 тұрғын үй учаскесінде 31 баспана, 7 учаскеде шаруашылық құрылыс, 1 учаскеде - ТҚС және 5 жеңіл автокөлік өртеніп кетті. Бұл үйлерде 83 адам тұрды, оның ішінде 10 бала бар. Бір адам қаза тауып, 2 адам күйік шалып, жансақтау бөлімінде жатыр.

ШҚО полиция департаменті бастығының орынбасары, полиция подполковнигі Елдос Закимов өрт фактісі бойынша Қылмыстық Кодекстің 204-бабы 2-бөлігі (бөтен мүлікті абайсызда жою немесе бүлдіру) бойынша қылмыстық іс қозғалғанын айтты.

- Күдікті ұсталды. Ол бұрын сотталмаған, жұмыс істейтін азамат. Осындай ауыр зардаптарға Риддердің 35 жастағы тұрғынының отпен абайсыз әрекеті әкеліп соғып отыр. Департамент арнайы жедел-тергеу тобын құрды, полиция қызметкерлері бейнекамералар мен бейнетіркегіштердің жазбаларын зерделеуде, куәгерлердің айғақтарын мұқият тексеруде, тиісті сараптамалар тағайындалды. Қазіргі уақытта 15 тергеуші өртенген үйлерді қарап жатыр, қылмыстық істі тергеу ІІМ бақылауында. Өзге ақпарат тергеу мүддесінде жария етуге жатпайды.

Қазіргі уақытта облыс әкімінің басшылығымен зардап шеккен халыққа көмек көрсету жұмыстары жүргізілуде.