Шығыс Қазақстан облыстық мәслихатының депутаттары 2020 жылға арналған өңір бюджетінің атқарылуы туралы есепті бекітті

Шығыс Қазақстан облыстық мәслихатының депутаттары 2020 жылға арналған өңір бюджетінің атқарылуы туралы есепті бекітті

Облыстық мәслихаттың кезекті төртінші сессиясы барысында Шығыс Қазақстан облысының депутаттары өткен жылғы өңір бюджетінің атқарылуы туралы есепті бекітті. Сондай-ақ, 2021-2023 жылдарға арналған бюджетке өзгерістер енгізу туралы шешім қабылданды.

Сессияда баяндама жасаған ШҚО қаржы басқармасының басшысы Думан Рахметқалиев өңірде тұрақты экономикалық өсімнің оң қарқыны сақталғанын, сонымен қатар аймақта әлеуметтік сала мекемелерін қаржыландыру, әлеуметтік маңызды нысандарды салу және күрделі жөндеу жұмыстары басым бағыт болып қала беретінін атап өтті.

– Өткен жылы өнеркәсіп өнімдерін өндіру көлемі 2 539,1 млрд.теңгені немесе 101,5% құрады. Ауыл шаруашылығының жалпы өнімі бойынша көлемі 686,3 млрд. теңгені құрап, нақты көлем индексі-102,6% жетті. Құрылыс жұмыстарына 359,2 млрд.теңге, яғни 126,5% жұмсалды. Негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 714,5 млрд.теңгені немесе 112,0% – ды құрады, – деп баяндады ШҚО қаржы басқармасының басшысы Думан Рахметқалиев. 

Думан Рахметқалиев сондай-ақ, өткен жылы жұмыссыздық деңгейі 4,9%-ды құрағанын жеткізді.

Облыстық мәслихаттың кезекті төртінші сессиясы барысында депутаттар алдағы үш жылға арналған Шығыс Қазақстан облысының бюджетіне өзгерістер енгізді.

– Қаражаттарды қайта бөлу Курчатов қаласындағы қазандықты жөндеуге, Тарбағатай ауданының Ақсуат және Ақжар ауылдарындағы шағын футбол және стрит-уоркаут алаңдарын жайластыруға қарастырылған. Ұлан ауданындағы балабақшаның жылу желілерін және Р.Мәрсеков атындағы орта мектеп ғимаратын жөндеу, – деді ШҚО экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Сәуле Ұлақова.

Сәуле Ұлақова сондай-ақ, қосымша қаражат екі ауылдық елді мекенді, атап айтқанда Глубокое ауданының Белоусовка және Тарбағатай ауданының Тұғыл ауылын "Шығыс -  адалдық алаңы" жобасы аясында "Ашық әкімдік" форматында халыққа қызмет көрсетудің сервистік моделіне көшіру мақсатында қарастырылғанын атап өтті. Қазіргі уақытта 17 ауылда мал қорымын салуға ЖСҚ әзірленуде, оларға қаражат бөлінетін болады.

Қаржыландыру басқа да маңызды жобаларға қарастырылып отыр.

Сонымен қатар, депутаттар коронавирус инфекциясының алдын алу бойынша жұмыс барысын қарастырды.