ШҚО Мақаншы ауылында 140 орындық жаңа балабақша ашылды

ШҚО Мақаншы ауылында 140 орындық жаңа балабақша ашылды

Тәлім ошағы күрделі жөндеу жүргізген ескі мектеп ғимаратында орналасқан.

Естеріңізге сала кетейік, Мақаншы – бұрынғы аудан орталықтарын дамытудың жаңа бағдарламасына енген 16 ауылдың бірі.

Өткен оқу жылында ауылда жаңа мектеп ашылды, бұрынғы ғимарат бос болмауы үшін оны балабақшаға айналдыру туралы шешім қабылданды. Бұл қадам мектепке дейінгі мекемелерге кезектілік мәселесін толығымен жабуға мүмкіндік берді, өйткені балабақшадан басқа шағын орталықтар да жұмыс істейді.

Өңір басшысы Даниал Ахметов Үржар ауданына жұмыс сапары барысында жаңа балабақшаның қызметімен танысып, атқарылған жұмысқа оң бағасын берді. Ғимарат мектепке дейінгі мекемелердің қауіпсіздік ережелері мен талаптарына толық сәйкес келеді, әрлеу жұмыстары талғаммен орындалған, балаларды тәрбиелеу және оларды мектепке дайындау үшін қажеттінің бәрі бар.

Сондай-ақ, облыс әкімі Мақаншы ауылындағы аурухананың жөндеуден өткен 60 төсек жұқпалы аурулар бөлімінде болды. Бұл ғимарат жеті жылдан астам уақыт бос тұрған. Енді оттегі станциясы, реанимация палаталары және қажет болған жағдайда дәрігерлерге арналған жатақхана бар.

Ауылдық аурухананың бас дәрігері Даниал Ахметовке медициналық мекеменің бос тұрған тағы бір корпусын күндізгі стационары бар емдеу-дәрігерлік амбулаторияғс жөндеу жұмыстарын жүргізуді сұрады. Себебі, аурухана 15 мың мақаншылықтардан бөлек, жақын маңдағы 16 ауылдың тұрғындарына да қызмет көрсетеді.

– Бұл мәселені егжей-тегжейлі зерттеп, жобалық құжаттаманы әзірлеу қажет, – деді Даниал Ахметов.

Айта кету керек, биыл қараша соңына дейін Мақаншы ауылында су құбыры құрылысы аяқталып, ауыл тұрғындары толық сапалы ауыз сумен қамтамасыз етіледі.